Бүгін Түркістан қаласында Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына орай Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «RAIYMBEK» I Республикалық театр фестивалі басталды. Алдымен фестивальдің құрметті қонақтары мен қатысушы театрлар қызыл кілемнен жүріп өтті. Содан соң тау тұлға жайлы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты ашылуына арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қиын-қыстау кезеңде киелі мекеннен театр негізін қалаған Райымбек Сейтметовтың ерен еңбегін, мұндай өнер мерекесінің туған жерінде ұйымдастырулы заңдылық екенін атап өтті.
– Тарихтан сыр шертер Түркістанымыз облыс орталығына айналып, бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің назарын аударуда. Биыл облыстың құрылғанына 5 жыл толып отыр. Мұнда республикалық және халықаралық шаралардың өтуі дәстүрге айналып келеді. Қазіргі таңда Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы бастама көтеіріліп, арнайы заң жобасы әзірленіп, қоғам талқысынан өтуде. 2024 жылдан бастап Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанбақ. Осындай елдің мәдениетін дамытуға бағытталған шаралардың көптеп өтуі – осы бастамалардың жүзеге асуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін. Облыс басшысы Дархан Амангелді еліміздегі театр ұжымдарының басын қосатын театр фестивалін қолдады. Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Оның ішіндегі кәсіби 3 театрымыздың еңбегін мақтанышпен айта аламыз. Театр ұжымдары республикалық, халықаралық байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде. Сіздерге осы рухани демалыс сәті үшін, облыс басшылығы мен қала тұрғындары атынан алдын-ала шынайы ризашылығымды білдіремін, – деген облыс әкімінің орынбасары Райымбек Сейтметовтің және Қадыр Мырза Әлінің жарына құрмет көрсетті.
Әрі қарай фестиваль шымылдығын Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры «Отелло» трагедиялық шығармасымен түрілді. Төрт күн бойы бекітілген кестеге сәйкес Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиясының музыкалық драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Алматы қаласы, Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері», «Жаңа ғасыр» театры, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Абай облысының Семей «Дариға-ай» жастар театры және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театры бақ сынайды.
Қазақ кәсіби театрларының өнерін насихаттау, театр өнерінің қазіргі келбетін таныту, театрлардың өзара іс-тәжірибе алмасу, шеберлік-класстар өткізу және шығармашылық тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ету, талантты әрі дарынды театр әртістері мен режисерлерді анықтау, сонымен қатар оларды ынталандыру, театрлардың танымалдығын арттыру мақсатындағы фестивальге өнер саласына еңбегі сіңген театр сыншылары мен кәсіби мамандар төрелік етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі