Түлкібаста аудандық аурухананың неврология және гинекология бөлімдері толығымен күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шараға аудан әкімі Н.Байғұт, аудандық мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев және «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы басшысының орынбасары Қ.Еркебаев арнайы барып, құрылысы аяқталған және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан ғимараттарды аралады. Онда аудан басшысы бас дәрігер мен құрылысқа жауапты мердігерге құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда екендігін айтты.Құрылысы аяқталған ғимараттың есік терезелері мен едені толығымен ауысып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүрген. Сондай-ақ, электр, су жүйелері толығымен жаңартылған. Ғимараттың сыртқы бөлігі жел мен жаңбырға төзімді арнайы жабындымен қапталып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп тұруына барлық жағдай жасалған.Сонымен қатар, аурухананың қалған ғимараттары да биыл толығымен күрделі жөндеуден өтпек. Бүгінгі таңда перзентхана мен орталықтандырылған асханасының жөндеу жұмыстары 85 пайызға аяқталған. Қос нысан 2021 жылдың маусымында пайдалануға берілмек. Ал, аурухананың бас ғимаратының жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін ақталуы жоспарлануда.