Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Онда жәбірленуші ер адам құс фабрикасындағы қоймасынан белгісіз біреулер 1800 дана жұмыртқаны ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге 150.000 теңге көлемінде шығын келген.
Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.
Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікке ілінген көлік анықталып, тексерілді. Көлік ішіндегі үш ер адамнан шелектерге салынған тауық жұмыртқалары тәркіленіп алынды. Олар 30-35 жас аралығындағы сол ферманың жұмысшылары болып шықты.
Анықталғандай, олар күндізгі уақытта 10 шелек артық жұмыртқаларды дайындап кетіп, түнгі уақытта қоймадан алып шыққан.
Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі