Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласындағы А.Иманов көшесі №29 мекенжайда орналасқан ХІХ ғасырдың ескерткіші саналатын Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітінің жанындағы 1980 жылы салынған қосалқы ғимаратты бұзуға қатысты бейнежазба таралған болатын. Осыған байланысты бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сала басшыларымен бірге оқиға орнына арнайы барып, жағдайды бақылады.
Мешіттің жанындағы қосалқы салынған ғимарат тарихи-мәдени мұраға жатпайды. Медресе 1998 жылға дейін шәкірт оқытты. Апаттық жағжайда болғанына байланысты қазіргі уақытқа дейін бос тұрды. Тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген «Tech-Inspection» ЖШС-нің сараптамалық қорытындысына сәйкес, аталған қосалқы ғимарат апатты жағдайда деп танылды. Сондықтан қосымша нысан бұзылып, жоспарға сай орнына жаңа оқу ғимараты салынады. Қала әкімі құрылысты тездетіп, сапалы етіп екі айдың ішінде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, мешіт ғимараты зақымдалмаған, бүгінде жамағатқа қызмет етуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі