Шымкенттік онколог-дәрігерлер 2 мыңға жуық күрделі ота жасады

Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта былтыр қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға 1800 күрделі ота жасалды. Оның 81-ін мамандар эндовидеохиругиялық әдіспен жүзеге асырды.

Өткен жылдың ең үлкен жетістігі — орталықта заманауи ангиограф құрылғысы іске қосылды. Білікті дәрігерлер озық технологияның көмегімен өткен жылы бауыр мен бас миының ісіктері кезінде жасалынатын 200-ден аса ангиографиялық операция жасады.

Қазір мұнда жергілікті тұрғындардан бөлек, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген науқастар да ем-дом алуда.

Сонымен қатар онкологиялық орталықта 2022 жылы өңештің және тік ішектің қатерлі ісіктеріне 31 кіші инвазивті операциялар жасалды. Ақ халаттылар қатерлі ісікпен күресте осындай заманауи әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізу мақсатында өздерінің білім-біліктіліктерін жүйелі түрде арттырып отырады.

Айта кетейік, қатерлі ісік ауруларымен күресті күшейту мақсатында орталық мамандары бүгінде Ресей ғана емес, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің дәрігерлерімен де тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Осы бағыттағы тәжірибе алмасу шараларының нәтижесінде науқастардың жағдайы, өмір сапасы жақсарып, ем-шаралар алуы жеңілдей түскені байқалады.

Орталықта онкологиялық ауруларды алғашқы сатыларда алдын-алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстар да сапалы атқарылуда.

“Шымкент келбеті”