Бала күн санап өскендіктен әр күн ол үшін өте маңызды. Тиісінше жас буынның ағзасындағы ауруды дер кезінде анықтап, уақытылы ем жүргізу олардың денсаулығының сау болуының кепілі. Осыны ескерген, шымкенттік билік өкілдері нақты әрекетке көшті. Бұл мақсатта Шымкент қаласындағы “Асар” шағынауданындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасы базасында «Балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару» ресурстық орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры М. Ембергенова қала әкімінің орынбасары С.Құранбек қатысты. Орталықта медициналық қызметкерлерді оқыту, сондай-ақ балалармен стационарлық ем алып жатқан ата-аналарға 5 жасқа дейінгі күтім мен тамақтандыру мәселелері бойынша кеңестер беріледі. Орталық оқу-әдістемелік материалдар мен жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қала әкімінің орынбасары енді мамандардың біліктілігін арттыру, оқыту нәтижесіне талдау жүргізу маңызды екенін атап өтті.
— Бағдарлама балалардың ең маңызды ауруларын (диарея, пневмония, тамақтанудың бұзылуы, анемия, төмен салмақ, тамақ-құлақ проблемалары) біріктіре, ықпалдастыра отырып емдеу, тез әрекет ету, сондай-ақ, балаға қауіпсіз даму орта қалыптастыру, иммундау және күтім жасау нұсқамаларын қамтиды. Балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару өлім, ауру және мүгедектік жағдайларын азайтып, бес жасқа дейінгі балалардың өсуі мен дамуын жақсартуға ықпал етеді. Оқыту нәтижесіне мониторинг жасалады, — дейді аурухананың бас дәрігері Д. Жұмаділова.
Ем алып жатқан ата-аналарға 5 жасқа дейінгі күтім мен тамақтандыру мәселелері бойынша кеңестер беріледі.
— Ауырып тұрған баланы дер кезінде емдесе оның денсаулығы, өмірінің сапасы тез жақсарады. Өкінішке қарай көптеген ата-ана өз бетінше емдеуге әуес. Мәселен бала жөтеліп тұрса интернеттен қарап немесе дәріханаға барып баламның мына жері ауырып тұр еді деп, солардың берген дәрісімен емдей береді. Сөйтіп баланың жөтелін айналдырған 1-2 күнде тоқтатып тастайды. Негізі жөтелді олай бірден тоқтатып тастауға болмайды. Жөтел деген баланың қорғаныс реакциясы. Ол жөтеліп қақырықты шығару керек, егер шықпай өкпенің төменгі бөлігінде жинала берсе ол ағзаға кері әсерін тигізеді. «Мен баламды тез емдеп алдым» деп анасы мәз болып, оны балабақшаға апара беруі мүмкін. Алайда бала 5-6 күнен кейін тағы бір микробпен кездесуі мүмкін, сонда жаңа инфекция мен бұрынғысы бәсекелестікке түсіп, қабыну одан сайын өрши бастайды. Сол жағын ата-аналар жөнді түсіне бермейді. Сондықтан міндетті түрде баланы дәрігерге көрсетіп, тексерту керек. Әйтпесе ауру асқынып созылмалы түрге өтіп кетуі мүмкін, дейді мамандар. Тұрғындар олқылықтар орын алмас үшін осындай орталықтар көптеп ашылса деген ниетті.