Түлкібаста «Қоныс аудару» бойынша кездесу өтті

Түлкібаста

Солтүстікке көшуге ынталы азаматтар көп. Қоныс аудару бағдарламасы аясында кез келген адам өзі тұратын өңірдің ішінде ғана емес, басқа облысқа да көшіп бара алады.

Түлкібас ауданында «Аудандық мәдениет үйі» ғимаратында еңбек күшін қажет ететін солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарынан азаматтарды ерікті түрде көшіру жұмыстары бойынша тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды.

Жалпы 2015 жылдан бергі көрсеткіштерге сәйкес, жұмыс күші аз Солтүстік өңірлерге Оңтүстік аймақтардан жалпы саны 14 874 адам қоныс аударған.

Делегация қатарында Павлодар облысынан «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы, «Успен аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Макатаев Серік Қайргелдіұлы, Ақтоғай ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысы Неғметулла Қолқанат Ерланұлы, Ефремов ауылдық округінің әкімі Гапу Сапаржан Гапуовна және Солтүстік Қазақстан облысынан «Мамлют аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Самарханұлы Еркін, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысының орынбасары Шегебаев Баян қатысып, түлкібастықтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырды.

Іс шараға 250 адам қатысып, оның ішінде қоныс аударуға кеңес алғандар саны 30 болса, көшуге ниет білдіргендер саны 8 отбасы болды. Павлодар облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы Солтүстікке қажетті жұмыс күш қатарын толықтыру бойынша үгіт-насихат жүргізді.

Мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа орналастыруы және жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.

Кездесу соңында тұрғындар қоныс аудару бойынша кеңестер алып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.