Қайырымдылық – адам баласының асыл қасиеттерінің бірі. Ал мейірім мен көмекке мұқтаж әлеуметтік жағдайы төмен жандар, қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс.
Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Департамент жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының мүшелерімен игі іс- шаралар ұйымдастырылды.
Жыл басынан бері Еріктілер бірқатар қайырымдылық шаралар іске асырды. Атап айтқанда, әлеуметтік жағдайы төмен 25 мұқтаж отбасылар азық-түлікпен қамтамасыз етілді, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік дастархан, жас жеткіншектерді кинотеатрларға, ойын-сауық орталықтары мен саябақтарға апарып, оларға құнды сыйлықтары бар байқаулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, соғыс және тыл ардагерлерінің, жалғыз басты қарттардың шаңырағын жинастырып, донор ретінде тоқсан сайын қан тапсыру ақциясы және 1000-ға жуық аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке керек құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан көмек көрсетілді.
«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұранды ұстанған ұйымдастырушылар іс-шара арқылы өскелең ұрпақты мейірімділікке, қамқорлыққа үндеп отыр.