Қазір кезде көп адамдың жастардың тәрбиесіне көңілі толмайды. Тәрбие тал бесіктен басталады демекші, бүгінде жастардың бойын жағымсыз әрекеттер мен жаман әдеттен аулақ болуы, бала болашағына дұрыс бағыт, дұрыс тәлім-тәрбие беру үшін ұлттық тәрбиенің берері мол. Ол үшін біз құрып отырған қоғам жастардың қызығушылығын тудыра алатындай шынайы орта қалыптастыра алуы қажет.
Еліміздің болашағы жастар болса, бұл жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеп өсіру біздің басты міндетіміз. Оларды жат қылықтардан аулақ ұстап, құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыруымыз қажет. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды жолға қою маңызды.
Шымкентте М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Лудомания», «Отбасындағы зорлық-зомбылық», «Суицид», «Қыздар кеңесі» тақырыптарына арналған психологиялық кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — жастарды саналы отбасылық өмірге дайындау, дұрыс көзқарас қалыптастыру және ойланбай қарым-қатынасқа түсудің алдын алу. Сонымен қатар, болашақ ата-ана ретінде жақсы әке мен ана болуға дайындау, лудоманияның зияндығын түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Жастарға жақсылық пен жамандықты ажырата білуді, өмірдегі шындыққа жауапкершілікпен қарауды үйрету арқылы еліміздің жарқын болашағына үлес қосу – іс-шараның негізгі міндеттерінің бірі.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының «Психологиялық көмек, күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс» бөлімінің психологы Сайдахан Жібек Мұратқызы және «Az-UIA» қоғамдық бірлестігінің педагог-психологы, гештальт-консультант Боранбек Алтынбек Срайылұлы қатысты.
Кездесу соңында жастармен психологиялық сергіту жаттығулары өткізілді және кері байланыс орнатылды.