Түркістан облысында «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп келеді.
2024 жылдың басынан 1 қыркүйекке дейін 80 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы», аудан және қалалық «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкелерде 6077 бос жұмыс орны ұсынылған. Оған 1753 жұмыс беруші мен 4772 азамат қатысқан. Нәтижесінде жұмыс іздеп келген азаматтардың 1126-ы тұрақты жұмыспен қамтылып, 638-і Ұлттық жобалар шеңберінде уақытша жұмыс орындарына жолданды. Жұмысқа орналасқан 1764 азамат білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және өзге де салаларға байланысты еңбек етіп жатыр.
Айта кетейік, 2024 жылдың 18 қазанында Түркістан қаласы бойынша Tanda.enbek.kz порталында бос жұмыс орындары онлайн-жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Былтыр бұл шарада 75 бос жұмыс орны ұсынылған.