Түркістан облысындағы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың жұмыс сапары аясында өткен кездесулер аймақта мемлекеттік қызметті жаңғырту мен дамытуға бағытталған маңызды шараларды қамтыды. Облыс активімен кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мақсатында бірлескен жұмыстарға дайын екенін жеткізді. Бұл кездесуде мемлекеттік қызметшілердің адамға бағдарланған жүйеге көшуі, бюрократияны қысқарту және сервистік сипатта қызмет көрсету мәселелері талқыланды.
Жиын барысында Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдамасы бойынша жоспарларымен бөлісіп, мемлекеттік қызметтің гибридтік моделіне көшу, кәсібилендіру және адам ресурстарын басқаруды цифрландыру бағытында атқарылып жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы мемлекеттік қызметшілер үшін жауапкершілік пен адалдықтың маңыздылығын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен кездесу өткізілді. Дархан Жазықбай жастарға жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне ауылдық жерлерде лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігі туралы айтып, «eQyzmet» жүйесінің мемлекеттік қызметке онлайн форматта іріктеу процессін жеңілдететінін атап өтті. Бұл жаңашылдықтар мемлекеттік қызметке кіру жолдарын ашық етуге бағытталған.
Жастармен өткен кездесуде мемлекеттік қызметтің ел игілігі үшін қызмет етуді мақсат тұтатыны, жеке бастың мүддесі емес, елдің дамуына үлес қосу керектігі айтылды. Жастар мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету бойынша енгізілген жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, өз пікірлерін ортаға салды.
Сапар барысында МҚІА төрағасы Түркістан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау агенттіктің басты назарында екендігін атап өтті. Түркістан облысында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 12,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 98%-ы электронды форматта ұсынылған. Бұл өңірдің цифрландыру бағытындағы жетістігін көрсетеді.
Сонымен қатар, Өңірлік кадр резервіне іріктелген талантты жастармен кездесу кезінде Дархан Жазықбай резервшілерге үлкен жауапкершіліктер жүктелетінін айтып, оларды елімізге адал қызмет етуге шақырды. Осылайша, Түркістан қаласында мемлекеттік қызметтің дамуына бағытталған шаралар мен жастарды мемлекеттік басқаруға тарту мәселелері кеңінен талқыланды.