Тұрғындардың өтініші: Түркістан әкімінің мәжілісінде маңызды мәселелер көтерілді

маңызды мәселелер

Түркістан қаласының әкімдігі тұрғындардың мүддесін әрдайым басты назарда ұстайды. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Бұл жиында заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандары, ретсіз жарнамалар, жер мәселесі, құрылыс нысандары мен жол құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар мен келешектегі жоспарлар талқыланды.

Мәжіліс барысында алғашқы сөзді алған әкім, қалада жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қызылорда тас жолы бойында 27, ал Кентау тас жолы бойында 10 ретсіз жарнама жойылғанын хабарлады. Бұл шаралар қаладағы көріністі жақсарту және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ұйымдастырылды. Қала әкімдігі тиісті мекемелермен бірлесе отырып, жарнамалардың заңдылығын бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр.

Әзімбек Пазылбекұлы, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және қала тазалығын қамтамасыз ету үшін Полиция басқармасымен бірге рейдтік шаралар өткізу қажеттігін атап өтті. Қаладағы тазалық мәселелері, әсіресе, көшелер мен қоғамдық орындардағы қоқыстар мен ретсіз жарнамаларды жою жұмыстарының маңызы зор. Мәжілісте айтылғандай, бұған тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдарды жедел қарау, тек қала әкімдігі ғана емес, барлық мемлекеттік органның міндеті болып табылады.

Сонымен қатар, әкім қоғамдық көліктердің интервалына қатысты тұрғындардан түскен шағымдарды да назардан тыс қалдырмады. Оған қоса, Ақтөбе, Шәуілдір, Алматы бағытындағы жолдардың сапасын жақсарту қажеттігі туралы тапсырма берді. Тұрғындардың көлік қатынасындағы қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету – әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын бақылау әкімдіктің басты назарында.

 — Әлеуметтік желідегі тұрғындар өтінішін өзім толық қадағалап отырамын. Қала тұрғындарының өтініштері бірінші кезекте қолға алынып, мәселері бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. «1310» Бірыңғай байланыс орталығына да тұрғындардың сұрақ-өтініштері бойынша жүйелі қызмет етуді тапсырамын. Берілген тапсырмалардың сұрауы бар екенін қатаң ескертемін, — деп қорытындылады қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

Жиында құрылыс нысандары мен жер мәселелері де талқыланды. Әкім, құрылыс нысандарының сапасына және оларды пайдалануға беру мерзімдеріне ерекше назар аудару керектігін ескертті. Тұрғындардың құқықтарын қорғау, заңсыз құрылыс нысандарын жою және қала инфрақұрылымын дамыту – әкімдік қызметінің басты міндеттері болып табылады.

Түркістан қаласының әкімі, жиын соңында қала тұрғындарының пікірлері мен өтініштерін жедел шешу, олардың өмір сапасын арттыру үшін атқарылатын жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы – қала әкімдігінің ең маңызды міндеті.