Сайрамда ассамблея жастарының қатысуымен кездесу өтті

Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Бүгінгі күнде көп ұлтты Қа­зақстан халқы бір шаңырақ астына топтасып отырған қасиетті мекен. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет дамуының қазіргі жаңа кезеңінде азаматтық бірегейлік пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру негізінде этностарды топтастыру мен біріктіру, елдің егемендігін қорғау, ұлттың патриоттық сезімін тәрбиелеудің негізгі міндеттерін атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының ел халқын топтастыру мен біріктірудің құралы ретіндегі маңызы зор. Сонымен қатар, ҚХА-ның халықтың әртүрлі топтарын қолдау бойынша ауқымды республикалық акцияларды ұйымдастыру тәжірибесі бар.

Осы орайда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ-і Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспары негізінде Қарабұлақ ауылында орналасқан Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің мәжіліс залында “Құқықбұзушылықтың алдын алу” тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Әлібек Байназар, медиациялық кеңестің белсенді мүшесі, кәсіби медиатор Сайера Даванова, қоғам белсендісі Бахтияр Шамуратов, аудандық полиция басқармасының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Асылбек Ақмырза, ауыл ақсақалдары және Ассамблея жастары қатысты.

Мақсаты — жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, жастардың бойында құқықтық мәдениеттілікті қалыптастыру, олардың бірлік ынтымағын арттыру. Қазақстан халқы Ассамблеясы тек этносаралық қатынасты нығайтып қана қоймай, жастардың болашағына да назар аударып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында да ауқымды істер атқарып жүр.

Мемлекет басшысы 2021 жылы ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында жас­тардың басын қосып, біріктіруді тапсырды. Осылайша, «Ассамблея жастары» дүниеге келді. Бір­лес­тіктің  алдына қойған мақсат-міндеттері – жастар бас­тамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келі­сім мен ұлттық бірегейлікті нығайту, олардың әлеу­меттік әлеуетін арттыру.

Кездесуде жастардың түнгі уақытта бей- берекет жүруі, жүргізуші куәлігінсіз автокөлік басқару, бөтен мүлікті жымқыру, тағы сол сияқты мәселелер көтеріліп, осы аталған келеңсіздіктерді қоғам болып алдын алу керектігі айтылды.