Мониторингтік топ  тұрғындармен этносаралық байланысты нығайту бойынша кездесу өткізді

этносаралық

Қазақстан халқы Ассамблеясының мониторинг тобы Сайрам ауданы Қарабұлақ, Манкент ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Жайықбайұлы Махан, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев және ҚХА Республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзат Пулатов қатысты.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов жүргізіп отырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мониторинг тобының мүшелері елдің қауіпсіздігі мен бейбітшілігін сақтау үшін ішкі тұрақтылық пен этникалық топтар арасындағы келісімділікті арттыру ретіндегі рөліне тоқталды. Сондай-ақ, этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары мен жеткен жетістіктерін атап өтті.

Ашық пікір алмасу форматында өткен мәжіліс барысында қоғам қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде қандай жұмыстарды атқару қажеттігі туралы мәселелер талқыланды.

Жиын соңында тұрғындардың туындаған сұрақтарына жауап берілді. Мемлекеттік органдардың этносаралық байланысты нығайту жөніндегі тиімді тетіктері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жаңа бағыттары туралы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.