«Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, биыл өңірде 332,5 мың гектар суармалы егістік жер ағын сумен толық қамтамасыз етілген. Жалпы өңірде «Қазсушар» РМК-ға қарасты республикалық 18 суқойма, 11 су бөгеті және 104 дана магистралды канал бар. Сондай-ақ, 1 790 дана шаруашылық және ішкі шаруашылық каналдар, 1 208 тік дренажды ұңғымалар мен 408 дана қашыртқы бар.
«Түркістан облысында биыл 560,96 шақырымды құрайтын 265 канал механикалық әдіспен тазаланып, 325 шақырымдық 30 канал шылаудан тазартылды. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жеткілікті мөлшерде су жеткізілді. Суару маусымында шаруа қожалықтарынан су жетіспеушілігі туралы шағым түскен жоқ. Сондай-ақ, субсидия мөлшерін ұлғайту бойынша шешім шаруаларға оңтайлы болды. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы биыл 8 170 жеке шаруа қожалықтарымен келісім шарт негізінде 274 363 гектар егістік жерге ағынды суды жеткізді. Бұдан бөлек, «Достық» трансшекаралық каналы арқылы Жетісай, Мақтарал аудандарындағы егістік жерге 944,752 млн текше метр су жеткізілді. Сондай-ақ, «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы Арыс қаласы мен Шардара, Отырар аудандарындағы егістік жерге 872,30 млн текше метр су жеткізілсе, «Зах», «Ханым», «ҮКМК» каналдары арқылы Сарыағаш, Қазығұрт, Келес аудандарындағы егістік жерлерге 500,09 млн текше метр су жеткізілді»,- деді Қазыбек Қошқарбекұлы.
Айта кетсек, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша облыстағы бес нысанға құрылыс жұмыстары атқарылады. Оның ішінде, Түлкібас ауданындағы суару жүйесінің бірінші кезектегі магистралды арналарын қалпына келтіру және реконструкциялау. Сонымен қатар, Бәйдібек ауданының «Қапшағай» суқоймасын және Ордабасы ауданындағы «Р-6», «Найман», «Қазыналық» каналдарын реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек.