Отбасы — әрбір қоғамның негізі, оның басты тірегі. Адам баласы дүниеге келгенде алғашқы танысқан орны да, өсу, даму мен тәрбиелену жолында басына түсетін алғашқы ортасы да дәл сол отбасы. Қай елде болмасын, қай дәуірде болсын, отбасы адамның өмірінде ерекше орын алады. Ол қоғамның рухани және материалдық өмірінің айнасы, ұлттық болмыстың негізі. Отбасы — тек жеке адамдардың ғана емес, тұтас қоғамның болашағын қалыптастыратын маңызды ұя.
Отбасы адамға алғашқы тәрбие береді, оның дүниетанымын қалыптастырып, моральдық құндылықтарын сіңіреді. Отанға деген сүйіспеншілік, тілге, мәдениетке деген құрмет, ұлттық дәстүрлерге берілгендік — осылардың бәрі отбасынан бастау алады. Сондықтан да халық арасында «Отан отбасынан басталады» деген даналық сөздің мәні тереңде жатыр. Ол тек сөз емес, шын мәнінде адамның ең алдымен өз шаңырағына деген адалдығы мен патриотизмінің алғашқы қадамы болып табылады.
Ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған «Отбасы бақыт мекені» тақырыбындағы қалалық форумда отбасының маңызы мен қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. Бұл форум Түркістан қаласының әкімі және жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылып, отбасы институтын қолдау, жастарға дұрыс тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізілді.
Форумның модераторы болып Түркістан облысы мәслихатының депутаты, әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева сөз алып, отбасын құндылықтар мен моральдың орнығатын ортасы ретінде атап өтті. Іс-шараға қатысушылардың қатарында Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Mariyam» қорының басшысы, «Әйел бақыты» жобасының авторы Ләйлә Сұлтанқызы, Түркістан облысы бойынша дағдарыс орталықтарының басшысы Малика Абдрашова және Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы сияқты білікті мамандар болды.
Форум барысында отбасы құндылықтарын сақтау, қазіргі қоғамдағы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты нығайту жолдары талқыланды. Ата-ананың балаға деген жауапкершілігі, баланың дұрыс тәрбие мен білім алу мәселесі, отбасы мүшелерінің өзара құрметі мен қолдауы туралы ойлар ортаға салынды.
Қазіргі заманның өзгермелі талаптарына сәйкес, отбасы институты да жаңа сын-қатерлерге тап болуда. Әлеуметтік, экономикалық өзгерістер, отбасылық қатынастардың бұзылуы секілді мәселелер жиі көтеріліп келеді. Сондықтан да мұндай форумдар отбасы мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, халық арасында отбасы құндылықтарының маңыздылығын түсіндіруге бағытталған. Бұл шара отбасының қоғамның негізі ретінде қайта түлеп, маңызды құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің қажеттілігін ұғындырады.
Қорыта айтқанда, отбасы — адамзат баласының болашағы мен бақытты өмірінің кепілі. Ол жерде адамгершілік қасиеттер, дұрыс тәрбие мен білім, сүйіспеншілік пен құрмет қалыптасады. Әрбір отбасы өз ұрпағын тәрбиелеу арқылы ел болашағын айқындайды. Сондықтан да қоғамда отбасы институтына деген құрмет пен қамқорлықты арттыру, оның құндылықтарын сақтау – біздің басты міндетіміз.