Мемлекеттік кірістер департаменті электронды сервистердің аясын кеңейтуде

Түркістан облыстық кірістер департаменті әкімшілік кедергілерді азайту үшін және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында электронды сервистердің аясын кеңейтуде. Түркістан облыстық кірістер департаменті 2022 жылдың 1 тоқсаны бойынша 414 616 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 90%-ы электронды түрде жүзеге асқан. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Елшібеков Еркін мәлімдеді. «Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттік бюджет жоспары 108%-ға орындалды. Жергілікті бюджеттің осы жылға арналған жоспары бойынша нақты түсім 33 млн теңгені құрап, түсімдердің өсу қарқыны 140%-ға жетті.

 Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін облыс аумағында 17 аймақтық басқарма, кеден бекеттерінде жұмыс істейтін 7 қызмет көрсету орталықтары департамент тарапынан үнемі қатаң бақылауда. Барлық орталықтарда «Кеңес беру терезесі» бар», — деді Еркін Кеңесбекұлы. Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер департаменті әкімшілік кедергілерді азайту үшін және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында электронды сервистердің аясын кеңейтуде. Мәселен, азаматтар арасында «E-Salyq azamat», «E-salyq Business» мобильді қосымшалары танымал бола бастады. Өткен жылы облыстың 100 мыңнан астам тұрғыны және 583 жеке кәсіпкер мобильді қосымшалардың көмегіне жүгінген. Мобильді қолданбада онлайн брондау, артық төлемдерді басқару, салық төлемдерін қарау және төлеу мүмкіндіктері қарастырылған. Айта кетейік, 2021 жылы Пандемияға байланысты бюджеттің кірісіне төленуі тиіс 8 млрд 771,8 млн теңге сомадан салық төлеушілер босатылды. Одан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 2020-2022 жылдарға микро және шағын бизнес субъектілері – 4 млрд 877,1 млн теңге, дара кәсіпкерлер – 8 млрд 948 млн.теңге және әлеуметтік салық – 3 млрд 208,2 млн. теңге түсімдер бойынша салықтан босатылған еді. Аталған салықтардың орнын толтыру мақсатында және мемлекеттік бюджеттің кіріс жағын ұлғайту бағытында Департамент тарапынан 2020 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қосымша кіріс көздерінен 40 млрд 675 млн теңге анықталып, өндірілген болатын.

Ntime.kz