Осыдан 11 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан негізі қаланған Аналар кеңесі бүгінде ел аумағында мыңдаған аналардың басын бір арнаға тоғыстырған ірі қоғамдық құрылым болып табылады.
Негізгі міндеті – отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етуді көздеген кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу, отбасылық құндылықтарды тарату жөніндегі шараларды жүзеге асыруға өз деңгейінде атсалысып келеді.
Бүгінде Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесіне 60 ана мүше болып табылады. Жыл басында бекітілген жұмыс жоспарына сай, кеңес мүшелері қала аумағында өткен бірқатар қоғамдық-көпшілік іс-шаралар мен білім ордаларындағы тәрбие сағаттарына қатысып, жас буынның тәлім-тәрбиесіне бағытталған тақырыптық іс-шаралар мен жобалардың іске асуына жұмылдырылды. Кездесулерде жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, Қазақстанның нағыз патриоттарын тәрбиелеу әрбір ата-анаға жүктелген абыройлы әрі мерейлі міндет екені айтылды.
Ұрпақ тәрбиесінде ата-аналар институтының айрықша мәнге ие екендігі түсіндіріліп, білім беру ұйымдарының әлеуетімен жас ұрпақ бойына жаман кеселдер туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру – жас буынды жағымсыз әдеттерден ерте бастан іргесін аулақ салуға әсер ететіні баяндалды. Былтырғы 3-інші құрылтайда Мемлекет басшысы Ассамблея мен оның жанында әрекет ететін қоғамдық құрылымдар атқаратын жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап берді.
Соның ішінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде Ассамблея маңызды рөл атқарып келеді.
Президенттің осы тапсырмасын бүгінде Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар мен Аналар кеңесі жан-жақты қарастырып, семинарлар, түрлі ортада практикалық жиындар, басқосулар ұйымдастыру бойынша арнайы жоспар түзіп, тақырыптық іс-шаралар кестесін әзірледі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы 5 кеселдің алдын алу мақсатында «Салауатты сана», «Адал азамат» деп аталатын жобаларды жүзеге асырды.
Әлеуметтік кеселдердің зияндылығын қоғамға, әсіресе жас буынға тәпіштеп түсіндіруді мақсат тұтқан жоба аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары білім беру мекемелері мен ассамблея алаңында, шағынаудандарда ұйымдастырылған кесдесулер мен талқылауларда айтылып, жас буынға соның ішінде этнос жастарына әлеуметтік кеселдердің түбі орға жығатыны кеңінен түсіндірілді.
Бұл бағытта біз қоғамда абырой-беделі бар азаматтардың әлеуетін ұтымды пайдаланудамыз. Апта сайын білім беру мекемелері мен кітапханаларда, тұрғын алаптарда жастармен жүздесіп, әлеуметтік кеселдердің опа бермейтінін ұғындырып, зиянды әдеттерден арылуға үндеп келеміз. Осы бағытта жыл басынан бері өткен 30-дан астам іс-шарада осы мәселені қаузап, қоғамға ұғынықты ұғындырып, тиянақты түсіндіріп келеді.