Шымкент қаласының Қаратау ауданында тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін бірқатар жаңа спорт және демалыс нысандары ашылды. Бұл жобалар елдімекендерді көркейту, жастарды спортқа баулу және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, Нарсай көшесінде спорт және балалар алаңшасы, Омбы және Көкбұлақ көшелерінде жаңа гүлзарлар, ал Х.Пазиков көшесінде заманауи спорт алаңшасы ашылды.
Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан балалар және спорт алаңшаларын салу жөнінде ұсыныстар жиі түсуде. Дегенмен, мұндай нысандарды салу үшін бос жер телімінің болуы — басты талап.
Осыған байланысты Қаратау ауданы аумағындағы бос жатқан жерлерді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы Шымкент қалалық филиалының Қаратау жер-кадастр инженерлері далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Егер зерттеу нәтижесінде жер бос деп танылса, ол аудан әкімдігінің теңгеріміне рәсімделіп, абаттандыру жұмыстарына арналған сметалық құжаттар дайындалып, бюджетке ұсынылады.
Биыл Қаратау ауданында жалпы саны 27 балалар алаңы, 3 спорт алаңшасы және 12 гүлзарды пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, 4 спорт алаңшасына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
“Біздің ауданда жаңа алаңдардың ашылуына өте қуаныштымыз! Бұрын балаларымызды ойнатуға орын таппай қиналатынбыз, ал қазір үйдің жанында заманауи алаңшалар бар. Спортпен шұғылдануға да мүмкіндік пайда болды. Әкімдікке көп рахмет, біздің жағдайымызды ойлағаны үшін!” — дейді Х.Пазиков көшесінің тұрғыны Айгүл.
Басты мақсат — тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру! Қаратау ауданының әкімдігі тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасауды көздейді. Жаңа нысандар қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып, ауданның көркін арттырады.
Қаратау ауданында ашылып жатқан спорт және демалыс орындары – тек инфрақұрылымдық жобалар ғана емес, бұл – тұрғындарға деген қамқорлықтың, денсаулық пен белсенді өмір салтына ұмтылыстың жарқын көрінісі. Мұндай бастамалар арқылы аудан тұрғындарының бос уақыты тиімді ұйымдастырылып, жас ұрпаққа салауатты өмір салты дарытылады.