Шымкент қаласында қала қызметкерлерінің, әсіресе, тазалықшылардың еңбегін бағалау және оларға алғыс білдіру дәстүрге айналуда. Күнделікті таңның атысынан кеш батқанша қаланың көшелерін, саябақтарын, аулаларын тазалап, әсемдеп жүретін азаматтардың ерен еңбегін Қаратау ауданының тұрғындары да жоғары бағалайды.
Жақсыкүл Маханбетова «Нұрсат» ықшамауданның тұрғыны: «Біз, тұрғындар, тазалықшыларымызға әрқашан ризамыз. Олардың жұмысы оңай емес, әсіресе, ыстық күндері немесе қыста қар жауғанда, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өз жұмыстарын адал атқарады. Ерте тұрып, көшелерді сыпырып, қоқыстарды тазалап, біздің таңертеңгі серуендеріміз бен балаларымыздың ойнайтын жерлерінің таза болуын қамтамасыз етеді. Бұл – ерен еңбек, біз олардың еңбегін ешқашан ескерусіз қалдырмаймыз. Жақында ғана ауламыздағы қоқыс жәшіктерін тазалап жатқан азаматтарға рахметімді айтып, су ұсындым. Олардың да көздеріндегі қуаныш ерекше сезілді. Біз үшін олар – қаламыздың жүрегі іспетті»,- дейді Жақсыкүл апай.
Тазалықшылардың жауапкершілігі:
Шымкент қаласындағы тазалық жұмыстарын «Таза қала» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырады. Бұл кәсіпорын қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді таза ұстау және абаттандыру жұмыстарын атқарады. Қазіргі таңда қалада тазалықты қамтамасыз етуге жүздеген тазалықшылар мен арнайы техникалар жұмылдырылған. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында қала әрдайым таза, әрі жайнап тұрады.
Қоғамның үлесі:
Тұрғындардың тазалықшыларға алғыс айтуы – бұл тек сөз жүзінде емес, сонымен қатар іс жүзінде де көрініс табады. Көптеген тұрғындар өздерінің аулалары мен үй маңын таза ұстауға белсене атсалысады. Қоқыстарды арнайы контейнерлерге тастау, қоғамдық орындарды ластамау – бұл әрбір азаматтың қала тазалығына қосар үлесі. Тұрғындардың осындай белсенділігі тазалықшылардың жұмысын жеңілдетіп, олардың еңбегін бағалайтындығын көрсетеді.
Тазалықшылардың ерен еңбегін бағалап, оларға деген құрмет пен алғысты білдіру – бұл әрбір қала тұрғынының азаматтық парызы. Себебі, таза қала – сау ұлттың кепілі.