Күздің жауынды күндері басталған сайын қала көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізу әлдеқайда күрделене түседі. Соған қарамастан, Қаратау ауданының тазалық саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер өз міндеттерін адал орындап, тұрғындарға таза әрі жайлы орта қалыптастыруда.
Аудан аумағындағы көшелер мен жаяу жүргінші жолдарын тазалау жұмыстарын «Жасыл-Жер Шымкент» ЖШС мен «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары күн сайын жүргізіп келеді. Әсіресе жауын-шашын молайған уақытта жиналған жапырақтар мен лай-сазды тазалау — үлкен күш пен шыдамдылықты қажет етеді.
Таңғы сағат 6-дан бастап жұмысқа кірісетін тазалықшылар қолайсыз ауа райына қарамастан, қала көшелерін тазартудан танбайды. Олардың айтуынша, жаңбыр кезінде жұмыс екі есе көбейеді, себебі су жиналған жерлерді ашу, арықтарды тазалау және сырғанау қаупі бар жолдарға құм-тұз себу сияқты қосымша жұмыстар атқарылады.
«Жаңбыр жауған күні жұмыс ауырлай түседі. Киім су болады, аяқ киім батпаққа толады. Бірақ біз өз ісімізді жақсы көреміз. Қала таза болса, халық та риза болады. Сол үшін ауа райына қарамай, міндетімізді орындай береміз», – дейді Қаратау ауданының тазалықшысы Гүлнар апай.
Ал тағы бір қызметкер Ерлан есімді азамат:
«Біздің еңбегіміз көп көрінбейді, бірақ күн сайын осы қаланың тәртібі мен тазалығы үшін күресіп жүрміз. Жаңбырда, боранда, аптапта да даладамыз. Қаратау – біздің ауданымыз, сондықтан оны таза ұстау – бәріміздің парызымыз», – деп пікір білдірді.
Аудан әкімдігі тарапынан тазалықшылардың еңбегін қолдау мақсатында арнайы техника күшейтіліп, тұрмыстық қалдықтарды шығару кестесі қайта қаралған. Сонымен қатар, тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша жедел әрекет ету топтары құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Қаратау ауданы әкімдігі қала тұрғындарын тазалық мәдениетін сақтауға, тұрмыстық қалдықтарды арнайы контейнерлерге тастауға және тазалықшылардың еңбегіне құрметпен қарауға шақырады.
«Біз бірге әрекет етсек, Қаратау одан да көрікті, таза әрі жайлы ауданға айналады. Әркім өз ауласын, көшесін таза ұстаса – бұл үлкен құрмет пен мәдениеттің көрінісі», – дейді аудан әкімдігі өкілдері.