Құрылыс басқармасының басшысы азаматтарды жеке қабылдады

Құрылыс басқармасының басшысы

Шымкент қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Орынбасар Тәжібаев қала тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға басқарманың бөлім басшылары мен жауапты мамандар қатысып, әрбір мәселенің шешу жолдары егжей-тегжейлі талқыланды.

Қабылдау кезінде «Тұран-2» шағын ауданының тұрғыны пәтеріндегі құрылыс кемшіліктерін қалпына келтіру жөнінде өтініш білдірді. Басқарма басшысы тұрғынның шағымын мұқият тыңдап, бұл мәселені мердігер мекеменің кепілдік мерзімі аясында шешуді тапсырды. Сондай-ақ, ол құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталуын және кемшіліктердің толық жойылуын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Сонымен қатар, «Шымкент-Цирк» мекемесінің өкілі мәдени нысан ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін көтерді. Бұл бағытта басқарма басшысы аталған нысанды қайта жаңарту жұмыстары 2026 жылға жоспарланғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамалық рәсімдер жүргізілуде. Алдағы жылдары ғимаратты заманауи стандарттарға сай жаңғырту арқылы қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени демалысқа қолайлы жағдай жасалмақ.

Қабылдау соңында Орынбасар Тәжібаев азаматтардың өтініштері назарсыз қалмайтынын атап өтті.

– Әрбір тұрғынның мәселесі – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Құрылыс басқармасы тарапынан тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын уақтылы әрі сапалы шешу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады. Халықтың сенімі — атқарылған істің нәтижесінде қалыптасады, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, Құрылыс басқармасы азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде өткізеді. Бұл кездесулер қала тұрғындарының пікірін естуге, өзекті мәселелерді нақты шешуге және халықпен кері байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының Құрылыс басқармасы алдағы уақытта да тұрғын үй, әлеуметтік және мәдени нысандар құрылысының сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жобаларды іске асыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырмақ.