Қаратау ауданында аялдамалар апта сайын жуылып, тазалыққа ерекше мән беріледі

аялдамалар

Қаратау ауданында қоғамдық көлікті пайдаланушылардың жайлылығы мен санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аялдамаларды жуу және тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Арнайы бекітілген кестеге сәйкес, аудан аумағындағы барлық аялдамалар аптасына бір рет толықтай жуылып, тазартылып отырады.

Жұмыстар таңертеңгі және кешкі уақытта қала қозғалысына кедергі келтірмей жүргізіледі. Арнайы коммуналдық техника мен қызметкерлер аялдамалардың айналасын сыпырып, әйнектерін, металл және пластик беттерін арнайы жуғыш құралдармен тазалайды. Сондай-ақ, аялдама ішіндегі және маңындағы қоқыс жәшіктері де дер кезінде босатылып, ретке келтіріледі.

Бұл шаралар қала тұрғындары мен қонақтарының тазалық пен тәртіпті сезінуіне, қоғамдық көлік күту орындарының санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған. Әсіресе, жолаушылар көп пайдаланатын негізгі бағыттардағы аялдамалар — Бәйдібек би даңғылы, Назарбеков көшесі, Қызылжар және Тассай шағынаудандары аумағындағы аялдамалар ерекше назарда.

Қаратау ауданы әкімдігі мердігер мекемелерге аялдамаларды тазалау кезінде экологиялық талаптарды сақтау және жұмыстың сапасына көңіл бөлу туралы нақты тапсырмалар берген. Әрбір тазалау шарасы аяқталған соң, жауапты мамандар тарапынан бақылау және қабылдау жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы аялдамалар кезең-кезеңімен жаңартылып, сынған әйнектері мен отырғыштары ауыстырылуда. Кейбір аялдамаларда жарықтандыру жүйесі орнатылып, тұрғындарға түнгі уақытта да қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырылуда.

Аудан әкімдігі тұрғындарды қоғамдық орындардың тазалығына бейжай қарамауға, аялдамаларды бүлдірмеуге және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Тазалық пен тәртіп — ортақ жауапкершілік, ал аялдамалардың таза әрі ұқыпты күйде сақталуы — қаланың мәдени келбетінің айнасы.

Қаратау ауданында осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық көлік инфрақұрылымының жағдайы жақсарып, тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз орта қалыптасып келеді.