Шымкент қаласы Полиция департаментінде милиция генерал-майоры Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Жеңісбай Сұлтановтың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департаменттің жеке құрамы және «Жас сақшы» арнайы сыныптарының оқушылары қатысты.
Іс-шара генералдың өмірі мен қызмет жолына арналған бейнероликтің көрсетілімінен басталды. Мерекелік жиында бірқатар қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Олардың қатарында прокуратура органдарының ардагері әділет генералы Кәрім Абдуқадыр, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері генерал Ақжігіт Исабеков, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет подполковнигі Сапарғали Жұмағұлов, ішкі істер органдарының ардагерлері Меруерт Аталыкова мен Үсенбатыр Арзықұлов, сондай-ақ департамент бастығы Нұрлан Алмасбеков болды.
Жеңісбай Әбдікәрімұлы ішкі істер органдарында отыз жылдан астам уақыт абыройлы қызмет атқарған. Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІБ жол полициясы бөлімінің бастығы, ОҚО ІІБ бастығының орынбасары, Ақтөбе облыстық ІІБ бастығының кадр жөніндегі орынбасары, Шымкент қалалық ІІБ бастығы, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІБ бастығы және ҚР ІІМ Шымкент колледжінің бастығы қызметін атқарған.
1995 жылы оған милиция генерал-майоры атағы берілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі адал еңбегі мен зор үлесі үшін Жеңісбай Сұлтанов КСРО және Қазақстан Республикасының он бес медалімен, «Милиция үздігі» белгісімен және КСРО ІІМ академиясының медалімен марапатталған.
Қызметтік және қоғамдық жұмыстағы белсенділігі мен адамгершілік болмысы арқылы ол әріптестері мен жас полицейлердің зор құрметіне бөленді.
Салтанат барысында генералға арналған ыстық ықыласқа толы құттықтау сөздер, музыкалық нөмірлер мен ізгі тілектер айтылды.
Жеңісбай Сұлтанов – ішкі істер органдарының абыройы, өмірін Отанға адал қызмет ету мен құқық қорғау саласының жас буынын тәрбиелеуге арнаған тұлға.
Шымкент қаласы ПД
