Бүгін 15 наурыз күні сағат таңғы 07:00-ден бастап Түркістан облысы аумағында 947 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Облыста 1 187 257 азамат дауыс беру құқығына ие. Бұл өңір халқының 55,4 пайызына тең. Дауыс беру учаскелері ең көп аудандар: Сайрам – 89, Сарыағаш – 82, Жетісай – 75, Төлеби ауданы – 69, Түркістан қаласы – 65.
Республикалық референдумға облыс бойынша жалпы саны 6 380 комиссия мүшелері тартылған. Оның ішінде 1 – облыстық (7 мүше), 17 аумақтық (119 мүше) және 948 учаскелік референдум комиссиялары (6 254 мүше).
Учаскелер қажетті материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Барлық учаскелерде тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған азаматтар, оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланушылардың қолжетімділігін ескере отырып, жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен және мүгедектігі бар адамдар үшін бұрыштармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша 554 учаскеде онлайн сервис іске қосылса, 22 шағын ХҚКО (халыққа қызмет көрсету орталығы) дауыс берушілерді уақытша тіркеу (бір күнге) жұмысын атқарады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
