Бүгін Шымкент қаласында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала жастары тазалық шарасына белсенді қатысты.
Аталған іс-шара Еңбекші ауданы аумағында ұйымдастырылып, белсенді жастар мен еріктілер Шымкент мұнай өңдеу зауытының аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Белгіленген аумақ қоқыстан тазартылып, жасыл желектер ретке келтірілді, қыс мезгілінен кейін қалған қалдықтар жиналып, аумақ абаттандырылды.
Сенбілікке қатысқан жастар жоғары ұйымшылдық пен белсенділік танытты. Мұндай бастамалар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жансерік Жұман қатысушылармен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты. Оның айтуынша, қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
«Бүгінгі жастардың белсенділігі ерекше қуантады. Осындай игі бастамалар арқылы біз өскелең ұрпаққа үлгі көрсетеміз. Табиғатты қорғау – бір реттік шара емес, ол күнделікті өмір салтына айналуы тиіс», – деді Жансерік Жұман.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тек санитарлық тазалық жұмыстарымен шектелмей, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік мәнге ие.
Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар жалғасын тауып, қоғамның барлық топтарын ортақ іске тарту көзделуде.
Шымкент жастары тазалық акциясына белсенді қатысты
