Қоғамның дамуы мен өркендеуі ең алдымен адамдар арасындағы татулық пен түсіністікке байланысты. «Бірлік – болашақтың кепілі» деген нақыл сөздің мәні тереңде жатыр. Себебі бірлігі жарасқан ел ғана кез келген қиындықты еңсеріп, алға нық қадам баса алады.
Бірлік – тек бірге болу ғана емес, ол ортақ мақсатқа ұмтылу, бір-біріне қолдау көрсету, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас. Егер қоғамда алауыздық пен түсінбеушілік орын алса, оның дамуы баяулайды, ал кейде тіпті кері кетуі мүмкін. Сондықтан бірлікті сақтау – әр азаматтың басты міндеттерінің бірі.
Тарихқа көз жүгіртсек, бірліктің арқасында көптеген елдер қиын кезеңдерден аман өтіп, тәуелсіздігін сақтап қалған. Ал ынтымақтан айырылған қоғамдар әлсіреп, түрлі дағдарыстарға ұшыраған. Бұл – бірліктің маңызын айқын дәлелдейтін шындық.
Отбасы – қоғамның кішкентай үлгісі. Егер отбасы мүшелері өзара сыйластықта өмір сүрсе, ондай ортадан тәрбиелі, саналы ұрпақ өсіп шығады. Ал мұндай ұрпақ елдің болашағын жарқын етеді. Демек, бірлік алдымен әр шаңырақтан бастау алады.
Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде түрлі мәдениеттер мен көзқарастар тоғысып жатыр. Осындай жағдайда өзара түсіністік пен құрметтің маңызы арта түседі. Бірлік – тек бір ұлттың ғана емес, көпұлтты қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізгі тірегі.
Осыған орай Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «БІРЛІК – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара Түркістан облысының прокуратурасының ұйымдастыруымен, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және азаматтық бірегейлікті дамыту мақсатында өткізілді.
Салатантты жиын этномәдени бірлестіктердің көрмесінен басталды.
Мерекелік іс-шарада Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов ресми құттықтау сөз сөйлеп, заң үстемдігі мен қоғамдық келісімнің өзара тығыз байланысын атап өтті. Сонымен қатар, ол ел бірлігі – тұрақты дамудың негізгі тірегі екенін жеткізді.
Жиынды Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Қазақстанның көпэтносты қоғам ретіндегі бірлігі мен қоғамдық келісімінің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің мен облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың атынан ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтар мен этномәдени бірлестігінің өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар қоғамдық келісімді дамыту жолындағы белсенді еңбектің жоғары бағасы болды.
Сонымен қатар жиында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Марина Лимаренко және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Нодиржон Хасантаев құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында Э.Жанғазиева қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың негізі – заң мен тәртіп, өзара құрмет пен сенім екенін тілге тиек етіп, жиынды қорытындылады.
Мерекелік жиын достық пен өзара түсіністік рухында өтіп, қатысушылар үшін маңызды пікір алмасу алаңына айналды.
Бірлік – кез келген елдің ең үлкен байлығы. Ол бар жерде тұрақтылық, даму және жарқын болашақ бар. Әр адам өз ісімен, мінез-құлқымен қоғамдағы бірлікті нығайтуға үлес қосуы тиіс. Сонда ғана біз мықты, берекелі әрі болашағы зор ел құра аламыз.
