Ынтымағы жарасқан елміз

Ынтымағы жарасқан елміз

Қазақстан халқының бірлігі күні – еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі. Жыл сайын 1 мамырда атап өтілетін бұл күн – түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен достығын, өзара құрметі мен ынтымағын дәріптейтін ерекше мейрам.

Бұл мереке Қазақстан қоғамындағы тұрақтылық пен бірліктің символына айналды. Қазақстан халқының бірлігі күні аясында еліміздің барлық өңірлерінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, концерттер, көрмелер, ұлттық тағамдар фестивальдері, достық шерулері өткізіліп, әр этностың ерекшелігі кеңінен таныстырылады. Бұл шаралар халықтар арасындағы байланысты нығайтып, өзара түсіністікті арттыра түседі.

Аталған мереке қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Бірлік пен татулық – ел дамуының басты кепілі. Сондықтан бұл күн тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, әр азаматты ортақ құндылықтарды қадірлеуге, ел тыныштығын сақтауға үндейді.

Бүгінде Қазақстан әлемге этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісін көрсетіп отыр. Әртүрлі мәдениет пен дәстүрдің тоғысуы қоғамымызды байытып, рухани тұрғыдан нығайта түсуде. Осындай бірлік пен татулықтың арқасында еліміз тұрақты дамып, жарқын болашаққа нық қадам басуда.

Ынтымақ – елдің ең басты байлығы. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық әрбір азаматтың жауапкершілігі мен саналы іс-әрекетіне байланысты. Өзара сыйластық, түсіністік және төзімділік – берекелі өмірдің негізі. Әсіресе жастардың бойында осы құндылықтарды қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Сайрам ауданы Арыс ауыл округіне қарасты Худайберген Хайтенов атындағы жалпы білім беретін мектебінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ааудандық ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі, мектеп директоры Сергалиев Жаббаркул Ерсалиұлының ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті.

Аталған шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, ауданның құрметті азаматы Хайтенов Раушан Худайбергенұлы, Арыс ауылдық округі әкімдігінің маманы Сарманов Атабек Парпиұлы, мектеп ұжымы мен оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында оқушылар мен ұстаздар бірлік пен татулықтың маңызын дәріптеп, ән мен би арқылы көпұлтты мәдениеттің байлығын паш етті. Әр этностың салт-дәстүрі таныстырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бұл мереке – елдегі бейбітшілік пен келісімнің, өзара құрмет пен татулықтың жарқын көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақты ынтымақ пен достыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.