Ұлттар достығы – ел бірлігінің кепілі

Қазіргі заманда ұлттар достығы мен қоғамдық келісім кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының басты шарттарының бірі болып табылады. Әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір-біріне құрметпен қарап, татулықта өмір сүруі қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде жүзден астам этнос өкілдері өмір сүреді. Олардың әрқайсысы өз мәдениетін, тілін және салт-дәстүрін сақтай отырып, ортақ Отанымыздың дамуына үлес қосып келеді. Бұл – еліміздегі қоғамдық келісім мен өзара түсіністіктің айқын көрінісі.

Ұлттар достығы адамдар арасында сенім мен сыйластықты қалыптастырады. Әр халықтың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу қоғамдағы бірлікті нығайтады. Ал қоғамдық келісім әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, мемлекетіміздің экономикалық және рухани дамуына жол ашады.

Ел Президенті мен қоғам қайраткерлері әрдайым халық бірлігінің маңызын атап көрсетіп келеді. Өйткені бірлік бар жерде – береке, татулық бар жерде – табыс болады. Сондықтан әр азамат қоғамдағы достық пен келісімді сақтауға өз үлесін қосуы тиіс.

Осы орайда Түркістан облысы Жетісай ауданында ұлттар достығы мен қоғамдық келісімді насихаттауға бағытталған мазмұнды кездесу өтті.

Іс-шараға Жетісай аудандық полиция бөлімінің жеке құраммен жұмыс тобының аға инспекторы Жанарыс Болатұлы қатысып, ауданның бас полицейінің атынан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

“Аманат” партиясы ғимаратында өткен дөңгелек үстел барысында Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Данияр Мырзамұратов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбет және этнос өкілдері ел ішіндегі татулық, бірлік пен өзара сыйластықтың маңыздылығы туралы пікір алмасты.

Берекелі бірлікті бекемдеген бұл басқосу қоғамдық келісімді нығайтып, ел тыныштығын сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Ұлттар достығы мен қоғамдық келісім – Қазақстанның ең үлкен құндылықтарының бірі. Оны сақтау және нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тек бірлік пен ынтымақ арқылы ғана еліміз жарқын болашаққа қадам басады.