Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық келісімнің алтын діңгегі

Ақсақалдар кеңесі

Қоғамдық келісім мен этносаралық татулық – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының басты негіздерінің бірі. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, түрлі этнос өкілдерінің бейбіт әрі тату өмір сүруі ерекше маңызға ие. Осы бағытта қоғамдық бірлікті сақтауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға Ақсақалдар кеңесі зор үлес қосып келеді.

Ақсақалдар кеңесі – өмірлік тәжірибесі мол, ел ішінде сыйлы азаматтардан құралған қоғамдық құрылым. Кеңес мүшелері жастарға өнегелі тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және халық арасындағы ынтымақты нығайтуға атсалысады. Олардың ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады.

Ақсақалдар кеңесінің негізгі міндеттерінің бірі – этносаралық татулықты нығайту. Кеңес мүшелері әртүрлі этнос өкілдері арасында өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыруға бағытталған кездесулерге, дөңгелек үстелдерге және мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Олар халықты бірлікке шақырып, татулық пен келісімнің маңызын түсіндіреді.

Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі отбасылық құндылықтарды насихаттауға және жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Жастардың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет, отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру арқылы қоғамның рухани дамуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық келісімді нығайтуға негіз болады.

Бүгінде Ақсақалдар кеңесі қоғамдағы дау-жанжалдардың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және халықтың бірлігін сақтау бағытында белсенді қызмет атқаруда. Олардың даналығы мен парасаттылығы қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және этносаралық татулықты дамытуға үлкен үлес қосып келеді.

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақал тағылымы – бейбітшілік пен келісімнің даналық көпірі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынды облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов жүргізді. Іс-шараны ашқан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Ұласбекқызы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту жолындағы Ақсақалдар кеңесінің рөліне тоқталып, олардың қоғамдағы беделі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстелде өңірдің қоғамдық өміріндегі өзекті мәселелер сөз болды.

Келес аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Лесбек Ағылұлы Нұртаев «Экологиялық мәдениет және туған жерге жанашырлық тәрбиесі» тақырыбында баяндама жасап, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру мен жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мәселелеріне тоқталса, Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Інайұлы Ілесов «Қоғамдағы ысырапшылдық пен той мәдениеті: дәстүр мен жауапкершілік» тақырыбында сөз сөйлеп, ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, қоғамда жауапты мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері Жандос Сейтханұлы Қапанов «Түркістан облысындағы криминогендік ахуал және жастар мен жасөспірімдер арасында маргиналдық топтардың құрылуының алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.

Отырыс барысында қатысушылар тақырып төңірегінде пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Бүгінде Түркістан облыстық ҚХА жанынан 191 Ақсақалдар кеңесі жұмыс атқарады. Оның ішінде 1 облыстық, 3 қалалық, 14 аудандық және 173 ауылдық округтік кеңес бар. Кеңестер құрамында 1226 мүше қызмет етеді.

Ақсақалдар кеңестері қоғамдық-саяси және мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Бейбітшілік пен келісім» жобалары аясында халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған көптеген тағылымды кездесулер мен ауқымды іс-шараларды ұйымдастырды.

Ақсақалдар кеңесі – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды институты. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.