2021 жыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл болса, Қазақстан полициясына 29, ал ең бастысы 30 тамыз күні, яғни бүгін айбынды Ата Заңымыздың қабылданғанына 26 жыл толып отыр.
Демек қаздаңдай басқан Қазақстанымыз үшін бұл сандар өзіндік мән-мағына беріп тұр. Әр санда еліміз үшін еңбек еткен әрбіріміздің үлесіміз бар. Себебі халық жұдырықтай жұмылмаса, оның болашағы бұлыңғыр. Тіпті бір тұтас мемлекет болып қалыптасуы да қиын болады.
Бүгінде жаңалықтардан да көріп жүрген боларсыздар, әлемнің кейбір елдерінде барлық жағдайы бірқалыпты өтуде деп айта алмаймыз. Бірінде кедейлік болса, енді бірінде іріткі салушылардың салдарынан болуы мүмкін, қолдарына қару алып соғысып жатыр… Олар тіпті бейбіт өмірді ұмытып қалғандай.
Сондықтан біз көп ұлтты ел болсақ та, татулығымыздың арқасында бейбіт күндерді кешіп келеміз. Өзіміздің бірлігі бекем халқымыз, мемлекетімізді айқындайтын рәміздеріміз бар, шегеленген шекарамыз бар. Ата Заңымыздың ең бірінші бабында мемлекеттің қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп, Отанымыздың тұрғындарының мемлекет үшін маңыздылығы айқындалып көрсетілген.
Ендеше біз, Ішкі істер органдарының қызметкерлері азаматтардың өмірі мен конституциялық құқықтарын сақтай отырып, өз қызметтерімізді атқарудан жалықпаймыз. Өйткені біз үшін де сіздердің өмірлеріңіз құнды, қауіпсіздіктеріңіз қымбат.
Осынау баршамыз үшін маңызды мерекелердің бірінде әрқайсыңыздың отбастарыңызға баянды бақыт, ырыс пен ынтымақ, молшылық, ал Отанымыз Қазақстанымызға әрдайым еңсең биік болып, кедергісіз алға дами бер деп ыстық ықыласымды жеткізбекпін.
Егемен еліміздің игілігі үшін Отанға адал қызмет ете берейік! Конституциямыздың арқасында Қазақстанымыз дамып, әлемге үлгілі елдердің бірі бола берсін.
Еліміз аман, заманымыз бейбіт болсын! Мерекелі де берекелі ел болып, татулығымыздың арқасында мәңгі жасай берейік!!!
Ізгі тілекпен, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбеков