Діни сауаттылықты арттыру – ортақ міндет

Қазіргі қоғамда тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру – қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Діни сауатты азамат діннің негізгі қағидаларын дұрыс түсініп, шынайы діни құндылықтарды жалған діни ұстанымдардан ажырата алады.

Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты әлеуметтік желілер мен интернетте әртүрлі діни мазмұндағы ақпараттар кең таралуда. Сондықтан тұрғындардың ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдап, сенімді дереккөздерге жүгінуі маңызды. Әсіресе жастар арасында діни сауаттылықты арттыру олардың радикалды және деструктивті идеялардың ықпалына түсуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Діни сауаттылықты арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесулерін, семинарлар мен дөңгелек үстелдерді жүйелі түрде өткізу, білікті мамандардың кеңесін пайдалану және халыққа дін саласындағы заңнаманы түсіндіру қажет. Сонымен қатар дәстүрлі құндылықтар мен зайырлы қоғам қағидаттарын насихаттау да маңызды.

Діни сауатты әрі саналы қоғам – бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізі. Сондықтан әр азаматтың діни білімін жетілдіруі және алынған ақпаратқа жауапкершілікпен қарауы қоғамның қауіпсіздігі мен бірлігін нығайтуға ықпал етеді.

Осыған сәйкес Сарыағаш ауданында дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Ғалымжан Өгембай қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, азаматтардың радикалды идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастыру және заң талаптарын сақтау мәдениетін дәріптеу.

Кездесу барысында дәстүрлі ислам құндылықтарының қоғам өміріндегі маңызы, деструктивті діни ағымдардың белгілері мен олардың теріс ықпалы, сондай-ақ діни ақпараттарды сенімді және ресми дереккөздерден алу қажеттілігі кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеудің өзектілігі, отбасы институтының рөлі, діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу мәселелері талқыланды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауы, қоғамдық тәртіп пен өзара құрметті нығайтуға үлес қосуы, күмәнді діни ақпараттар мен заңсыз насихаттан сақ болуы қажеттігі айтылды. Заңға құрмет – қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі кепілі екені атап өтілді.

Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға теологиялық және құқықтық тұрғыда нақты жауаптар берілді.