Халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистралды газ құбырының шарапатын көрушілер қатарында шардаралықтардың да саны артып келеді. Соның ішінде көгілдір отынның келуін асыға күткен өңір жұртшылығына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында қуанышты хабар тарады. Шардара аудандағы ГРС-18 табиғи газ тарату стансасы іске қосылды. Үш елді мекенді, 5 мыңнан астам отбасын сұйық отынмен толық қамтуға қауқарлы орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Өңір тұрғындарын құттықтап, ауданның толық табиғи газға қосылуы – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы болатынын атап өтті. Шардара ауданы келер жылы 100 % табиғи газбен қамтылады.
«Бүгін біз Сіздермен қуанышты жағдайдың куәгері болып отырмыз. Шардара ауданын табиғи газбен қамту келер жылы толық жүзеге асады. Бұл жұмыстар осыдан бірнеше жыл бұрын Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып, халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистралды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциялары іске қосылғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан маңызды шаралар халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Нәтижесінде, бүгінде Түркістан облысында газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті»,-деді облыс әкімі өз сөзінде.
Шардара ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту, ішкі жолдарды жөндеу, спорт алаңдары мен балаларға арналған ойын алаңшаларын орнатып, абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Тұрғындарымен кездескен Өмірзақ Естайұлы ақсақалдардың ақыл-кеңесін тыңдап, өзекті мәселелер төңірегінде әңгімелесті.
Облыс әкімі Шардараны сапалы ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешілетінін жеткізді. Ол үшін қаладан 34 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті «Тастанбек» жер асты суын жеткізу қолға алынбақ. Осыған байланысты осыдан жарты жыл бұрын Шардара ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі жұмыс жобасын әзірлеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Жобаны әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 30 млн теңге қаржы қаралды. Су сапасы сан мәрте сынақтан өткен. Жаңа жобаны жыл соңына дейін бастап, келер жылы толық жүзеге асыру көзделген. Жер асты суларын жеткізу арқылы жылдар ойы созылған мәселе біржола шешіледі.
Сапар барысында облыс басшысы жылдар бойы жөндеу көрмеген 70-ке жуық көпқабатты тұрғын үй жаңартылып, Төле би көшесіндегі желілік саябақ абаттандырылуда. Онда 300 жарықшамдар орнатылып, ағаш көшеттері отырғызылған. Субұрқақтар қойылып, газон егілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі