Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың инвестициялық жобалардың жай-күйін зерделеу қажеттігі жөнінде аудандарға жүктеген тапсырмасына сәйкес, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мен олардың бүгінгі жай-күйін, құрылыс жұмыстарының барысын көру үшін ауыл-аймаққа ат басын бұрды.
Алдымен өңір басшысы Аса-Бірлесу-Еңбек жолының бойындағы «АСА АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс етін өндіретін фабрикасының құрылысын көрді. Үш жылға жоспарланған жобаның құны – 8 млрд теңге, жер көлемі – 2,6 гектар. Бүгінде ескінің көзі баздарды күрделі жөндеуден өткізіп, фабриканың талаптарына сай жабдықтап жатқаны туралы айтқан серіктестік директоры Төлебай Меңдіоразов желтоқсан айында жылдық жоспар орындалып, 3 нысанның жұмысы толықтай іске қосылатынын жеткізді.
– Кезінде тауарлы сүт өндіретін фабрика ұзақ жылдар бойы қаңырап, бос тұрған. Шатырлары да ескірген. Бүгінде жұмысшылар тартып, кем-кетігін реттеп жатырмыз. Екі базды қалыпқа келтіріп, ішкі жұмыстарына кірістік. Суды тасымалдап әбігерге түспес үшін фабрика маңанан ауыз су мұнарасының құрылысын аяқтадық. Германия мемлекетінен арнайы құрылғыларда келіп жетті. Жыл соңында фабрика алғашқы өнімін бере бастайды. Егер алдағы жоспарымыз сәтті тиянағын табар болса, біз жылына 21 мың тонна құс етін сатылымға шығаратын боламыз. Мұнда алдымен балапан жеткізіледі. Балапанның күтіп-бапталуына 42 күн қажет. Бұл мерзімде құс салмақ жинайды. Фабриканың әр базына 3 жұмысшыдан есептегенде 9 адам жұмыспен қамтылса, қарауыл, есепші, басқа да жұмысшылардың жалпы саны 15-ке жетеді. Ал 2022 жылы дәл осы жерден 4 баздың құрылысы, кейінгі жылдары Жұма стансасынан фабриканың тағы филиалдары еңсе тіктейтін болады. Осылайша, өндіріс қуатын екі-үш есеге арттырып, 30-дан астам баз салатын боламыз, – деді. Сондай-ақ Төлебай Мырзағұлұлы фабрикаға «көгілдір отын» жеткізу мәселесіне қолғабыс еткеніне өңір басшысына алғысын білдірді.
Қызу тірлікке куә болған Сәкен Қаланұлы құрылысқа да, жаңа тұрақты жұмыс орындарына да жергілікті тұрғындарды қабылдау керектігін тілге тиек етті.
(С)Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі