Сайрам ауданында жылдан-жылға мал бордақылау алаңдары артып келеді. Мәселен, қазірдің өзінде аудандағы 1 012 мал бордақылау алаңы бір мезетте 42 мың бас малды қамтуға қауқарлы. Облыс бойынша ағымдағы жылдың 9 айында 22 мың тонна ет экспортталған болса, оның 9 250 тоннасы (42%) Сайрам ауданына тиесілі. Яғни, аймақ мал бордақылаудан облыс бойынша көш бастап тұр. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков мәлімдеді.Биылғы жылдың 9 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 140 млрд теңгеге жеткен. Жалпы өнімнің 59%-ы — ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Жоспар бойынша жыл қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 166 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.«2021 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығында 82 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бір жерден жылына екі өнім алу жобасы аясында бірінші айналымда 267 шаруашылықта жалпы көлемі 274 гектарға жуық жерге, екінші айналымда жалпы көлемі 260 гектар жерге егістік егілген. Бүгінгі таңда 5 мың тоннаға жуық өнім алынды. Есепті кезеңде ет өндірісі – 12 пайызға, сүт – 5 пайызға, жұмыртқа – 6 пайызға артты», — деді Ұласбек Сәдібекұлы.Айта кетерлігі, Сайрам ауданындағы 42 елді мекен 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, аудандағы 42 елді мекеннің бүгінгі таңда 31 елді мекені табиғи газбен қамтылды. Биыл газбен қамту 74%-ға жетіп отыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі