Шардара ауданында полиция қызметкерлерімен бірге жыл басынан бері Ресей Федерациясынан әкелінген 190 автокөліктің жүргізушілеріне әкімшілік хаттама толтырылып, оның 35-і айыптұраққа қойылды. Осыған байланысты шардаралық полицейлер тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Яғни Ресейден әкелінген автокөліктердің құжаттарын рәсімдеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автокөлік тіркелген мекенжайға барып, техникалық байқаудан өтуі міндетті екені түсіндірілді. Ал электронды түрде міндетті техникалық байқаудан өткен автокөлік пайдалануға жарамсыз болып табылады. Осы тұста тәртіп сақшылары аталған жайттар орын алған жағдайда ӘҚБтК-нің 590-бабы, яғни «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік шара көрілетінін ескертті. Сондықтан өзіңіздің Ресейлік автокөлігіңіз болса, құжаттарының заңды болуына көз жеткізіңіз.
ТО ПД баспасөз қызметі