Жолаушылар күндіз-түні толастамайтын темір жолдың бойында құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұл ретте желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тынымсыз еңбектенумен келеді. Бүгінде, Арыс 1 ст.ЖПБ-нің қарау аймағында пойыздың адам басып кету фактілерін алдын алу мақсатында, сондай-ақ жасөспірім балалардың теміржолда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін ескерту бойынша «ТОҚТАҢЫЗ! БАСЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР!» акциясының 4-ші кезеңі өтті. — Темір жол аумағы қауіп пен қатерге толы. Сондықтан, жолаушылар үнемі абай болуы қажет. Қайғылы оқиғалардың негізгі себебі де азаматтардың жол бойындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан туындайды – дейді Арыс 1 ст.ЖПБ ӘПб инспекторы полиция капитаны Б.А.Ақмолдаев. Акция барысында Арыс-1 станциясындағы ЖПБ-нің әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері, теміржол ұйымы қызметкерлері, Арыс қаласы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің еріктілері, ӘТЖК АҚ күзетшілері мен қоғамдық көмекшілер бірлесіп теміржолды өз пайдасына белгіленбеген жерден кесіп өтетін қала тұрғындарына теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін айтып түсіндіру үшін профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Айта кетейік, аталған іс-шара 15-19 қараша аралығында жалғасады. Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға сақтық ережелерін қатаң ұстанып, жол үстінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік сақтау мәселелеріне ерекше назар аударуға шақырады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі