Мемлекеттік тіл- менің тілім!

«Ана тілі- бәріміздің анамыз,
өйткені ол – ұлтымыздың анасы»
Н.Ә.Назарбаев
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақ тілі — әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі.

    Қазақ тілі түркі тілдер тобына жатады, атадан балаға жеткен ұлы құбылыс. Ол талай тарих сынынан өтті. Ғасырлардан — ғасырларға сүрінбей жетті. Дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, таза, өткір, терең, күшті кең тіл ретінде саналады. Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық игілігі болумен қатар, әлемдік тіл білімі зерттеушілерін қызықтырған көне тарихы бар, кемел тіл ретінде танылуда. Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі, Ата Заңымен қорғалатын, еркіндігінің үні. Оны құрметтеп, қорғау, келешек ұрпаққа жеткізу, Қазақстанның бақытты да парасатты, білімді де еңбекқор ұл-қыздары, біздерге ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан жеткен аманат.

Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ана тілі, шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты, көркем, дана, сұлу, рухани бай, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі!

Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не? Себебі, тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз қазақ тілі.

Туған тіліңді қорғау – туған отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір, азат етеріңе сенесің. Ал тілің жауланса — бітті. Басқа тілге көшіп, туған тілін ұмытқан және өз ата байлығына қайта оралуға мойны жар бермейтін жалқаулар мен ұлттық рухын жоғалтып үлгерген, өзіңе түрі ғана ұқсайтын қандастарың жаудан бетер қарсыласады. Олардың үлкен бөлігінің ана тілін мойындамай, өзге тілдің мүддесін ашық түрде қолдауының арқасында ұлт жойылуға бет алады. Әлгі бейшара ұлт үшін бұған теңдес қасірет болмақ емес.

Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі, Ата Заңымен қорғалатын, еркіндігінің үні. Оны құрметтеп, қорғау, келешек ұрпаққа жеткізу, Қазақстанның бақытты да парасатты, білімді де еңбекқор ұл-қыздары, біздерге ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан жеткен аманат.

Ана тілі қанның, қиылған жанның, толқытқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек. (С.Торайғыров). Бірақ қазақ тілі — тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл ортақ тіліміз екенін ұмытпағанымыз жөн болар. Қазақстанда тұратын оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтарының тілі.

«Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген Елбасымыздың сөзін есте сақтағанымыз дұрыс болар. Қазақ тілі өте бай, орамды, көркем тіл. Тіл арқылы өнер білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды сол тіл арқылы үйренеді. Халық өзінің ғасырлар бойы жасаған асыл мұраларын ұрпақтан ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді. Сондықтан ана тілін білмей, ұлттық мәдениетті жете меңгеру мүмкін емес. Қазіргі жаңартылған бағдарлама талабына қарай үш тілдікті алға қойып отыр. Әрине, әр тілді меңгеру, әр тілде сөйлеу әркімнің арманы. Жеті түрлі ілім біл, жеті елдің тілін біл деген. Біздің мектебіміз аралас мектеп болса да мемлекеттік тілге деген құрмет өте жоғары.

«Ғ.Мұратбаев атындағы шағын жинақты жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қосымша білім беру педагогы Л.Киркимбаева