Қазығұрт аудандық полиция бөліміне егде жастағы азамат келіп, полицейлердің көмегіне жүгінген. Онда кешкі сағат 20:00 шамасында бейтаныс азамат күш көрсету арқылы қол сөмкесі мен «Самсунг» маркалы ұялы телефонын тартып алғанын көрсеткен. Осылайша жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 200 000 теңгеге жуық. Аталған дерек ҚК 191-бабы «Тонау» бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Хабар алысымен оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы шығып, куәлардан жауап алып, жақын аймақтарды және күдіктінің басқа баруы мүмкін жерлерді қарап шықты. Тәулік бойы үзіліссіз жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары Шымкент қаласы көшелерінің бірінен күдікті ер азаматты ұстады. Ол бұдан алдын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, жәбірленуші қарт кісі моншадан шығып, демалу үшін саябақ ішіндегі орындықтардың бірінде отырған. Осы сәтте күдікті ер адам зейнеткерлердің физикалық әлсіздігін пайдаланып, оның сөмкесін күшпен тартып алып, қашып кеткен. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды сақ болуға шақырады. Тонау жайттары орын алса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.
ТО ПД баспасөз қызметі