Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Арыс қаласының орталық көшесінің бойында қазақ еліне белгілі тұлға Дінмұхамед Қонаевтың бюсті бой көтерді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткіші екі метрлік гранит тұғырдың үстіне орнатылды. Салтанатты шараға қала тұрғындары мен Алматыдан келген бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Мұрат Әуезов пен Қонаевтың немере інісі Дияр Қонаев, генерал Аман Шабдарбаев, қоғам кайраткері Сәбетбек Еркінбай, ғылым докторы Алуа Таңжарықова, Қонаевтың жеке дәрігері болған Ахат Әминұлы және жазушы, қоғам қайраткері Серғазы Есімбетов сынды елге танымал тұлғалар болды. Алқалы жиында қала әкімі Гүлжан Мамытқызы сөз сөйлеп, Д.Қонаевтың Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі туралы айтты. «Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1956 жылғы 31 шілдедегі Жарлығымен Арыс қала атанғаны белгілі. Мінекей, тура 65 жыл бұрын осы Жарлықтың күшіне енуіне Дінмұхамед Ахметұлы айрықша ықпал еткені ақиқат. Біз бүгін ел игілігі үшін ерен еңбек еткен ерлердің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында осындай салтанатты шарада бас қосып тұрмыз. Бұл біз үшін зор мәртебе», – деді Г.Құрманбекова. Айта кетейік, ұлт мақтанышына айналған ұлы тұлғаның ажары айшықталған мүсінді Арыс қаласының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев сыйға тартты.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі