Өткен аптаның демалыс күндерінен бері, Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, боран басталды. Бірнеше күн ұйытқыған жел болып, қалың қардың салдарынан облыс жолдарында көліктердің жүруіне кедергі келтірілді. Ауа райының қолайсыздығы тіпті кейбір жолаушыларды жолда қалдырды. Осындай сәтте азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, Түркістан облысының бүкіл жеке құрам қызметкерлері облыс жолдарына жұмылдырылды. Біршама жолаушылар мен көліктерді құтқарып, көмек қолын созды.Мәселен, Бәйдібек АПБ-нің полиция қызметкерлері ауа райының кенеттен бұзылып кетуіне байланысты қауіптілігі басым, қар көп жауатын аймақтарды толық қарап шықты. Осындай тексеру кезінде учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Думан Босбаев пен полиция аға лейтенанты Бекзат Лесбек екеуі, Ақтас ауылдық округі Жарықбас ауылында орналасқан Шыбық бел асуында қарға батып, жүре алмай тұрған 2 бірдей жеңіл көлікке көмек берді. Яғни өздерімен әрдайым керек болады-ау деп алып жүрген құрал-жабдықтарымен көліктерді тартып шығарды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары екі көліктің жолаушыларын құтқарып, қауіпсіз аумаққа шығарды. Өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушылар бәйдібектік полиция қызметкерлеріне «Рақмет, еңбектеріңіз жана берсін! Түркістан облысы полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз! Қыстың суығында жолда қалу өте қиын. Десек те, полицейлердің қамқорлығы мен жанашырлығы нәтижесінде, көлігімізді шығарып алдық. Үлкен рақмет!» деп жылы лебіздерін жеткізді. Ал күннің ызғарына қарамастан қызметін жалғастырып жатқан полицейлер жолаушыларға: «Жол тайғақ, сондықтан абай болыңыздар. Ұзақ жолға шықпаңыздар!», — деп ескерту жасады. Бәйдібек АПБ-ның қызметкерлері елді мекендерден тыс жерлерге шығу қиын екенін ескертеді және азаматтарға алыс жолдарға бармауға кеңес береді, шұғыл қажеттіліксіз көшеге шықпаған жөн. Сапарға шыққан жағдайда жолдарда барынша мұқият және абай болу керек, жылдамдық режимін, маневр жасау ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
ТО ПД баспасөз қызметі