Шымкентте тілсіз жаудан зардап шеккендердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Газдан улану оқиғалардың дені газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындап отыр. Апатты жағдай мен қайғылы оқиғалар ең әуелі тұрмыстық салғырттық, сосын тұрғындардың газбен жылыту қондырғыларын заңсыз орнатып алуы себеп болып отыр. Қыс мезгілінде тұрғындар терезе-есіктерін қымтап ұстайды. Үйді жылыту үшін қосымша электр тоғын қосады. Оның көбісі газ арқылы жұмыс істегеннен кейін улану процесі өршиді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері мен «ҚазТрансГаз» мекемесінің өкілдерімен бірге тұрғын үй мен тұрғын үй секторларында үгіт-насихат жұмыстары, қауіпсіздік шаралары туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Алайда тұрғындар өз көздеріне көрінбейтін ақауды елемей, оның соңы газдан улану оқиғаларға ұласуда. Қала тұрғындарының басым бөлігі жеке секторда тұрады. Көптеген үй орталық жылу қазандықтарына қосылмаған, жеке газ қондырғыларын пайдаланып келеді. Дегенмен, шетелден енген құрылғылармен жүйелі таныспаған немесе дұрыс қолдана алмаудың салдарынан улану оқиғалары тыйылмай тұр.
Осы ретте тұрғындарды сақтыққа шақырып, газдың иісі шыққан жағдайда байланыс тетіктеріне хабарласуды сұраймыз. Сондай-ақ қандай да бір жөндеу жұмыстары үшін арнайы маманның көмегіне жүгінуге шақырамыз.
Шымкент қаласы №3 өрт сөндіру бөлім бастығының орынбасары азаматтық қорғау капитаны Тұрсынбеков Олжас Сайрамбекұлы