«Samruk-kazyna trust» қоры Кентау қаласында қаржыландырған үш жобаны таныстырды

Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастыруымен Түркістан облысында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Тур аясында қордың қолдауымен ашылған Кентау қаласындағы жобалар таныстырылды. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, соңғы төрт жылда облыста 23 әлеуметтік жоба іске асып жатыр.
Баспасөз туры Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжден басталды. Биылғы оқу жылында «Samruk-Kazyna Trust» қоры компаниялар тобы атынан мүмкіндігі шектеулі студенттерге лифт орнатып берген. Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар бұған дейін қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп жүрген. Енді тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдеп отыр.
Кенді қаладағы екінші нысан — «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен бірге іске асырылған «Саламатты болашақ» жобасы. Бүгінде жоба аясында ерекше балалар бейімделген спортпен шұғылданады. Олар арнайы үйірмеде ой-санасын сергітіп, денесін шынықтырады. Бүгінде жоба аясында еліміздің 21 қаласы мен кентінде жыл сайын 1 000-нан аса ерекше бала спорттың 10 түрінен тегін үйірмеге қатысады.
Қор әрдайым әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға ерекше назар аударып келеді. Осы орайда БАҚ өкілдеріне «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен ашылған саңырауқұлақ өсірумен айналысатын серіктестіктің жұмысы таныстырылды. Бүгінде жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 4 азамат жұмыспен қамтылып отыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі