Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің басты кепілі. Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Сондықтан елімізде түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен татулығын сақтау ерекше маңызға ие. Бірлігі бекем ел ғана дамудың жаңа белестерін бағындырып, болашаққа нық қадам жасай алады.
Қоғамдық келісім – адамдардың бір-біріне құрметпен қарап, заңды сақтап, ортақ мақсат жолында ынтымақтаса әрекет етуі. Ал жалпыұлттық бірлік – Қазақстанның барлық азаматтарын ортақ Отанға деген сүйіспеншілік, азаматтық жауапкершілік және ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын күш.
Бірлікті нығайтудың маңызды жолдарының бірі – жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Жас ұрпақ өз елінің тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін құрметтеп өсуі қажет. Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту, басқа этностардың тілдері мен мәдениеттеріне құрмет көрсету, толеранттылық пен өзара түсіністікті қалыптастыру да қоғамдық келісімді нығайтады.
Қазіргі таңда қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері және бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы татулық пен келісімді насихаттауда маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат елдің бірлігі мен тыныштығын сақтауға өз үлесін қосса, Қазақстанның болашағы жарқын болады.
Төлеби ауданында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишованың қатысуымен Достық елді мекені тұрғындарымен №10 жалпы білім беретін жайлы мектеп ғимаратында «Бірлік пен татулықтың тұғыры» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, этносаралық татулықты дәріптеу, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын түсіндіру, сондай-ақ тұрғындармен ашық пікір алмасу болды.
Іс-шара барысында қоғамдағы келісім мен өзара сыйластықты сақтау, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын нығайту, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынынан өзекті мәселелер көтеріліп, сұрақтарына жауап берілді.
