Қазіргі уақытта әлем елдері түрлі қауіп-қатерлермен бетпе-бет келуде. Солардың ішіндегі ең күрделілерінің бірі – экстремизм. Бұл құбылыс қоғамның тұрақтылығына нұқсан келтіріп қана қоймай, мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан экстремизмге қарсы күрес – кез келген ел үшін стратегиялық маңызды міндет.
Экстремизм – радикалды көзқарастар мен әрекеттерге негізделген, заңға және қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған құбылыс. Ол көбінесе діни, саяси немесе идеологиялық сипатта көрініс табады. Мұндай ағымдар қоғамда алауыздық туғызып, адамдарды зорлық-зомбылыққа итермелеуі мүмкін. Соның салдарынан бейбіт өмір бұзылып, ел ішіндегі тұрақтылыққа сызат түседі.
Қазақстан – бейбітшілік пен келісімді басты құндылық ретінде ұстанатын мемлекет. Алайда жаһандық үрдістерден тыс қалу мүмкін емес. Экстремистік идеялар көбіне интернет арқылы таралып, әсіресе жастар арасында ықпал етуге тырысады. Бұл – аса қауіпті үрдіс, өйткені жас буын – ел болашағының негізі.
Экстремизмнің алдын алуда білім мен тәрбие ерекше рөл атқарады. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, сыни ойлау қабілетін дамыту, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау – басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар, діни сауаттылықты арттыру да маңызды. Себебі дінді терең түсінбеу кейде радикалды ағымдардың ықпалына түсуге әкелуі мүмкін.
Мемлекет тарапынан да экстремизмге қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Заңнамалық негіздер күшейтіліп, ақпараттық қауіпсіздікке көңіл бөлінуде. Құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға күш салуда.
Осы тұста Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Экстремизм – ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – дін саласы қызметкерлері, дінтанушы және теолог мамандар, сондай-ақ білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру, жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру бойынша тәжірибе алмасу болды.
Семинар-тренингке Түркістан облысы дін істері басқармасының мамандары, оңалту саласында қызмет атқаратын «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің теолог мамандары, қала және аудан әкімдіктеріндегі дін саласына жауапты мамандар, сондай-ақ облыстық білім басқармасына қарасты мекемелердің психологтары қатысты.
Іс-шара барысында Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы модераторлық етіп, семинардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Алтаев Ертаев Кенжебекұлы кіріспе сөз сөйлеп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Семинар аясында Maqsut Narikbayev University (MNU) жанындағы «Ислам және қазақ құқығы орталығының» басшысы, дінтанушы-ғалым Асқар Сабдин, теолог маман Қайрат Құрманбаев және психолог Айнур Абилхайрова баяндама жасап, діни экстремизмнің алдын алу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері, сондай-ақ дін мен ұлттық құндылықтардың өзара сабақтастығы тақырыптарында мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара аясында қатысушылар дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасып, саладағы жұмыстарды жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын білдірді. Семинар-тренинг мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.
Қорытындылай келе, экстремизм – тек бір елдің емес, бүкіл әлемнің ортақ мәселесі. Оған қарсы күрес тек күштік әдістермен шектелмеуі тиіс. Ең тиімді жол – алдын алу, білім беру және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту. Әрбір азамат өз елінің қауіпсіздігі үшін жауапты екенін түсінгенде ғана бұл қауіптің алдын алуға болады.
