Қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, оның азаматтарының рухани деңгейімен де өлшенеді. Рухани тұрақтылық – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның берік дамуының басты шарттарының бірі. Өйткені рухани құндылықтарды жоғары қоятын, адамгершілік қағидаларды ұстанатын қоғам әрқашан тұрақтылық пен бірлікті сақтай алады.
Рухани тұрақтылық дегеніміз – адамның өз болмысын, ұлттық құндылықтарын, мәдениеті мен дәстүрін құрметтей отырып, өмірдің түрлі сынақтарына төтеп бере білу қабілеті. Рухани тұрғыдан тұрақты адам қиындықтарға сабырмен қарап, дұрыс шешім қабылдайды, өзіне және өзгелерге құрметпен қарайды. Мұндай қасиеттер қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықтың нығаюына ықпал етеді.
Қазіргі жаһандану дәуірінде түрлі ақпараттық ағымдар мен мәдени ықпалдардың күшеюі жастардың дүниетанымына әсер етуде. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтау, ана тілді құрметтеу, тарихи мұраны дәріптеу және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру ерекше маңызды. Бұл – рухани тұрақтылықтың негізгі тіректері.
Отбасы – рухани тәрбиенің алғашқы мектебі. Баланың бойына адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік және мейірімділік сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында сіңіріледі. Ал білім беру ұйымдары мен қоғамдық институттар осы тәрбиені жалғастырып, жас ұрпақтың рухани дамуына жағдай жасайды.
Рухани тұрақтылық қоғамдағы әлеуметтік келісім мен бейбітшіліктің де кепілі болып табылады. Рухани құндылықтарды құрметтейтін адамдар бір-бірінің пікіріне түсіністікпен қарап, қоғамдық мәселелерді өркениетті жолмен шешуге ұмтылады. Бұл өз кезегінде елдің тұрақты дамуына және ұлттық бірліктің нығаюына әсер етеді.
Төлеби ауданы Жастар ресурстық орталығының ғимаратында қоғамдық келісім мен рухани тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды семинар өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, Түркістан облысы Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов қатысып, дін саласындағы өзекті мәселелер жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Семинарға сала мамандары, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, Әжелер алқасының мүшелері және қоғам белсенділері қатысты.
Аталған іс-шара Түркістан облысы әкімінің орынбасарымен бекітілген дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды. Семинардың басты мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту.
Кездесу барысында қоғамдағы рухани құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесі, дәстүрлі діннің рөлі, жат діни ағымдардың алдын алу және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды. Спикерлер рухани тұтастық пен қоғамдық тұрақтылықтың өзара сабақтас ұғымдар екенін атап өтіп, тұрғындарды ел бірлігі мен татулықты сақтауға шақырды.
Семинар барысында қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу тұрғындардың діни танымын кеңейтіп, өзекті мәселелерге қатысты түсінігін тереңдете түсті.
Рухани тұрақтылық – қоғамның берік іргетасы. Сондықтан халықтың діни сауатын арттыруға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған мұндай кездесулердің маңызы ерекше. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
