Шеген Қодамановтың 120 жылдығына арналған «Шоқтығы биік нар тұлға» атты еске алу кеші өтті

Бүгін аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына аясында қоғам қайраткері Шеген Қодамановтың 120 жылдығына арналған «Шоқтығы биік нар тұлға» атты еске алу кеші өтті.Мерейлі кешке аудан әкімінің орынбасарлары, «NurOtan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Арал ауданынан арнайы келген делегация құрамын бастап аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы, Арал ауданының құрметті азаматы Дәуренбек Мадинов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы Әділбек Әйімбетов, ардагер, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы Алдаберген Жоланов, Сапақ ауылдық округінің әкімі Жангелді Жалғасбеков, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков мемлекет және қоғам қайраткері Қодаманов Шеген Ермұхамедұлының 120 жылдық торқалы мерейтойына қатысқан меймандарды құттықтады.Биыл қазіргі ұрпақтың маңдайына бұйырған бақ, біз үшін ең құнды да қастерлі байлығымыз — Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Еліміз үшін тарихи кезеңді талай мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек майталмандары қалағаны белгілі. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін ұлттың қамын жеген зиялы қауым өкілдерін, ел қорғаған батырларымыз бен дүйім елді аузына қаратқан, қара қылды қақ жарған билерімізді, жыршы-термешілерімізді, сонымен бірге маңдай тер еңбегімен елге қызмет еткен бабаларымыздың есімдерін ұлықтау шаралары өткізілуде. Сыр өңірі еңбегімен, ел берекесімен қоғам игілігі үшін бейнет етіп, тер төккен қаншама асыл азаматтарды дүниеге әкелді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен қатар Сыр елінде өздерінің еселі еңбектерімен артында өшпес із қалдырған тұлғалар насихатталуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» дегеніндей, ауданымызда еліміздің дамуына еңбек сіңірген, жақсылықтың жаршысы болған азаматтардың абыройын асырып, рухын тасытуда біршама игі істер атқарылуда. Бабаларымыздың жүріп өткен жолына көз салмай, салт-дәстүріне бағынбай өмір сүру, рухани тәрбие алу мүмкін емес. Олардың азаттық үшін арпалысқа толы ғұмырын, жерді жаудан, елді даудан қорғаудағы ерлігі мен ақыл-парасатын ешқашан ұмытуға болмайды. Тарих толқынында тағылымы биік, танымы терең талай заман өтті. Қайсар қасиетке ие Шиелі халқы рухымен, елдігімен, бірлігімен белестерден сүрінбей өтіп келеді. Тәуелсіздікті тәңір сыйы ғана емес, бағым деп бағамдайтын осындай құнарлы топырақтан алты алашқа аты мәшһүр айтулы азаматтар шыққан. Соның бірі де бірегейі — халқына қорған, ұлтына ұран болған мемлекет және Қоғам қайраткері Шеген Ермұхамедұлы Қодаманов. Ұлағатымен ұлтын ұлықтаған қайраткер найзағайдай жарқылдап, мемлекет мүддесінің жоқшысы болып, саналы ғұмырын халқының рухани өсуіне, қазақ елінің дамуына арнады. Билік, ел басқару ісі — азаматтың ажарын айшықтайтын, беделіне бедел қосатын, халықтың қам-қаракетін ойлайтын, ел үшін еңбек ететін – биік мәртебе. Шеген Қодаманов ағамыз осы үлкен парызды ұғынған жан еді. 1919-1923 жылдары жас Түркістан Республикасына ұлттық кадрлар даярлау үшін арнайы ашылған Ташкент темір жол техникумында оқи жүріп, белгілі қоғам қайраткерлері Ғани Мұратбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Иса Тоқтыбаев сынды тұлғалармен үзеңгілес болды. 1923-1925 жылдары Санкт-Петербургтағы Яков Свердлов атындағы Коммунистік жоғары оқу орнында (КомВУЗ) яғни, Жоғарғы партия мектебінде оқып, Түркістан мемлекетін құруға қатысады. Ол 1926-1927 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің, өлкелік партия комитетінде мал шаруашылығы секторының меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1927-1929 жылдары бар-жоғы 26 жасында Теңіз (қазіргі Құрманғазы) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1929-1931 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. 1931-1934 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Сол кезеңдердегі саяси Сталиндік Репрессия Шеген Қодамановтың да әулетіне аса ауыр тигенін білеміз. 1949 жылы да көпе-көрінеу қисынсыз айып тағылып, екінші рет «халық жауы» ретінде қамауға алынады. Осы ауыр күндер тарих қойнауына хат болып қатталып жатты. Оған дәлел, «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Өмірдерек» атты кітаптарда Шеген Қодамановтың өмірі боямасыз баян етілген. 1959 жылы Шеген Ермұхамедұлы толықтай ақталып, Одақтық деңгейдегі дербес зейнеткер атанды. Туған топырағы Шиеліге оралып, «Төңкеріс» ауылының іргетасын қалауға кіріседі. Ауылға береке кіріп, мал өсіру фермасы ашылып, халық егін егумен шұғылдана бастады. Оның іс-тәжірибесі еліміздің түкпір-түкпіріне таратылды. Қазір де ауыл келбеті жаңа заманға сай өзгерген. Ауылдың экономикалық кемелденуінің қайнар бастауында тұрған Шеген Ермұхамедұлы Қодамановтың есімімен аталады. Жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көгілдір отын кіргізіліп, пайдалануға берілгелі отыр. Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Шеген Қодаманов ағамыздың 120 жылдығына арналған шаралар өзінің аты берілген ауылдан бастау алып жаңадан құрылысы жүргізілген қақпа-төлқұжатының тұсауы кесілді. Тұран ауылдық округінде облыстық жас ақындар мүшайрасы мен кент орталығында шағын футболдан турнир мен аудан ардагерлері арасында шахматтан жарыс өткізілуде. Міне, шаралардың жалғасы Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өздеріңіздің қатысуыларыңызбен еске алу кешімен жалғасуда, – деді аудан басшысы Н.Мақұлбеков.Кеш барысында, Шеген Қодамановтың немересі, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Шахмұрат Шайымұлы Ысмайылов, Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы Ә.Әйімбетов қоғам қайраткері Шеген Қодаманов жайлы естеліктерін жеткізіп, айтулы шаралардың тәрбиелік мәні зор екендігін және өскелең ұрпақтың жадына дәріптеу қажеттігін тілге тиек етті.Кеш соңында, Шеген Қодамановтың ұлы Қодаманов Бақытжан Шегенұлы аудан әкімдігіне, аудан тұрғындарына қолдау білдіргені үшін зор алғысын білдірді.

Шиелі ауданы әкімдігі