Қазіргі қоғамдағы ең маңызды құндылықтардың бірі – этносаралық татулық пен қоғамдық келісім. Бұл ұғымдар әртүрлі ұлт пен этнос өкілдерінің бір елде бейбіт, тату өмір сүруін, өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген қарым-қатынасты білдіреді. Қазақстан сияқты көпэтносты мемлекет үшін бұл мәселе ерекше мәнге ие, себебі елдің тұрақты дамуы мен өркендеуі ең алдымен ішкі бірлікке байланысты.
Қазақстанда жүзден астам этнос өкілі бір шаңырақ астында өмір сүріп, ортақ мақсаттар жолында еңбек етуде. Осындай алуан түрлі қоғамда татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттің басты саясатының бірі. Этносаралық татулық тек бейбіт өмірдің кепілі ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тікелей әсер етеді. Өйткені бірлік бар жерде тұрақтылық, ал тұрақтылық бар жерде даму болады.
Қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың маңызы зор. Білім беру ұйымдарында жүргізілетін тәрбие жұмыстары, мәдени іс-шаралар, түрлі этностардың салт-дәстүрін насихаттау – осы бағыттағы негізгі қадамдар. Мұндай шаралар адамдардың бір-біріне деген құрметін арттырып, толеранттылық мәдениетін қалыптастырады.
Жастардың бойында этносаралық татулық құндылықтарын қалыптастыру – ерекше маңызды міндет. Өйткені жас ұрпақ – елдің болашағы. Оларға патриотизм, жауапкершілік, сыйластық және бейбітшілікке ұмтылу сияқты қасиеттерді сіңіру арқылы ғана тұрақты қоғам қалыптасады. Мектеп пен отбасы тәрбиесі бұл бағытта негізгі рөл атқарады.
Сонымен қатар қоғамдық келісімді нығайтуда әр азаматтың жеке жауапкершілігі де зор. Әр адам өз ортасында сыйластық пен түсіністікті сақтап, өзге этнос өкілдеріне құрметпен қарауы тиіс. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың басты кепілі.
Осы тұста Қоғамдық келісім КММ Сауран аудандық филиалы ұйымдастыруымен этносаралық татулықты нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті дәріптеу мақсатында С.Рахимов ЖББМ мектеп оқушыларымен және этнос жастарының қатысуымен тағылымды кездесу өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына достық, татулық, өзара құрмет пен толеранттылық құндылықтарын сіңіру, сондай-ақ еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызын түсіндіру болды. Кездесу барысында қатысушылар этносаралық қарым-қатынасты нығайту, түрлі мәдениеттер мен ұлт өкілдерінің арасындағы сыйластықты арттыру жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар, жастарға Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы – ел дамуының басты кепілі екендігі айтылып, қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолындағы әр азаматтың жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Шара соңында қатысушылар мұндай кездесулердің жастар тәрбиесінде, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда және қоғамдық келісімді нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.
