Алаяқтардың жолын кесу үшін полицейлер, прокурорлар мен банк қызметкерлері бас қосты

Бүгінгі таңда халық арасында кеңінен тарап, тұрғындарды сазға отырғызып жатқан алаяқтардың саны артып кетті. Күн өткен сайын ұрлық емес, адамды алдап-соғуды оңай санап алаяқтық қылмысына баратындар көбейді. «Қайтсем оңай жолмен байлыққа кенелем, қайтсем еңбексіз әп-сәтте ақша табамын» деген пиғылмен қарапайым халықты алдайтындар азаяр емес. Әсіресе күнделікті қолданатын ұялы телефон арқылы интернет алаяқтығы жыл сайын өсуде. Полицейлердің тиянақты еңбегі мен күндіз-түні із-кесіп, соңғы технологияны пайдалана отырып, атқарған жұмыстарының арқасында алаяқтар ұсталуда. Соның нәтижесінде бұл қылмыстың ашылымы да артып жатыр. Алайда тәртіп сақшылары үшін бастысы тек бұл емес, олар неғұрлым тұрғындар алданбай, алаяқтардың тұзағына түспесе деген мақсатты ұстанып, Түркістан облысы Полиция департаментінде «Ғаламтор желісінде жасалған алаяқтық қылмыстармен күресу үшін, тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру құжаттарын тергеу барысында туындаған проблемалық мәселелерді талқылау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.Оған Түркістан облысы Прокуратурасы 1-басқармасының аға прокуроры Сұлтан Батталов, екінші деңгейдегі банктердің (халық, форте, альфа, нур, банк центр кредит. т.б. банктер), ұялы байланыс операторларының өкілдері (Кселл, Кар-Тел, Теле 2), тергеушілер мен жедел уәкілдер қатысты.Дөңгелек үстел Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Саховтың төрағалығымен өтті. Алаяқтық қылмыстарының ашылуы мен жедел жұмыстарды атқаруды тікелей бақылап, қызметкерлерге тапсырма беріп жүрген басшы Қ.Сахов алғы сөзді сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге кеңінен тоқталды. «Қылмысты ашуда, қылмыскерді ұстауда біз жедел шараларды жасап, тиісті жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Десек те осы алаяқтарға алданып, банк қызметкерімін деп айтты, ұялы телефоныма байланысып жеке мәліметтерді сұрады деушілер өте көп. Сондықтан қарапайым тұрғындар сан соғып қалмас үшін бірлесіп, алаяқтарға тосқауыл болайық. Халықты банк қосымшаларына арнайы ескертпелерді жазып, сақтандырайық. Қылмыстың алдын алайық!», — деген полиция подполковнигі Қ.Сахов 9 нақты проблемалық мәселелерді ортаға салды.Сондай-ақ полиция басшысы 6 ұсыным ұсынды. Яғни: мобильдік қосымшаларға басты бетке 2 тілде сақтандыру, банк бөлімшелеріне ескерту шаралары бар баннерлер орналастыру, 2-ші деңгейлі банк операторлары арқылы тұтынушыларға ескерту, тұрғындар алаяқтың құрбаны болған жағдайда банк жедел түрде алынған ақшаның түбірін анықтап, тез арада бұғаттау жасауы.т.б.Кездесуге жиналғандар да өз пікірлерін білдіріп, полицейлер тарапынан берілген ұтымды ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. Осылайша алаяқтық қылмыстарын азайтуды мақсат тұтқан дөңгелек үстел қорытындыланып, ұсыныстар бойынша жұмыстар атқарылып, жарты жылдықта тағы да кездесетін болып уәделесті. Киелі өңірдің сақшылары алаяқтарды азайту мен қарапайым тұрғындарды олардың құрығынан сақтандыру үшін жүйелі жұмыстарды одан әрі қарай жалғастыра беретін болады. Облыс полицейлері барша азаматтарға ұялы телефонға хабарласып, ақшаны кері аудару үшін код жолданды, соны айтып жіберіңіз деген сылтауларды тек алаяқтар ғана айтатынын, банк қызметкері мұндай мәліметті сұрамайтынын тағы да еске салады. Алаяқтарға алданбаңыздар!

ТО ПД баспасөз қызметі