Атты полиция Тараз көшелерін патрульдеуде

Бұған дейін Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов өзінің фейсбук парақшасында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың полиция қызметкерлеріне қойған 8 міндеті облыстық ПД жеке құрамына жеткізілгенін хабарлаған болатын деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.

Міндеттердің бірінде «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын іске асыруды, сондай-ақ үйлердің аулаларында, саябақтарда жаяу патрульдеуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылған.

ІІМ басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жанат Қуанышұлының бұйрығымен атты полицияның қызметкерлері облыс орталығының көшелерін патрульдеуде. Тараз қ. ПБ патрульдік полиция батальонының кавалерия бөлімшесінде 12 полицей 15 қызметтік атты пайдаланып қызмет атқарады. Атты полицейлердің негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау.

Кавалерия бөлімшесінің қызметкерлері, негізінен, автокөліктер жүре алмайтын жолсыз жерлерде және жаяу жүруге қиын орындарда патрульдейді. Сонымен қатар, қаланың шалғай орналасқан аумақтарында, саяжай иіндері мен кейбір жеке секторлардың учаскелерінде қызмет атқарады.

Ағымдағы жылдың басынан бері атты полицейлермен 16 қылмыс ашылған. Олардың қатарында ұрлық, есірткі заттарын қолдану, бұзақылық деректері бар. Сондай-ақ, жеке басын анықтау үшін – 1124 және әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 136 адам ішкі істер органдарына жеткізілді.

Полицияның адал көмекшілері белгілі бір дайындықтан өтеді. Жылқылар әртүрлі дыбыстардан, сигналдардан, машиналардан қорықпауға үйретіледі.

Тұрғындар да атты полицейлердің ұдайы патрульдеуі нәтижесінде құқық бұзушылықтардың саны азайғанын айтуда.